Прокурор Kaspi Bank-ке шабуылдаушыға 8 жыл жаза сұрады

0
928

Оның айтуынша, Ә. Мурадовтың қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.


Прокурор Kaspi Bank-ке шабуылдаушыға 8 жыл жаза сұрады

ERNUR.KZ. Елордадағы Kaspi Bank ғимаратына шабуыл жасаған күдіктіге прокурор 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Барлық қатысушының айғақтарын талдап, зерттей отырып, сотталушы Әлихан Мурадовтың қылмыстық ниетінің болғанына күмән жоқ. Оның әрекеті объективті расталды және қылмыстық істің болғаны материалдарымен толық дәлелденді. Ә. Мурадовтың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін жағдайлар – кінәсін мойындап, ісіне өкінуі, істі қарау барысындағы белсенділігі», -деді прокурор Раушан Ақшораева.

Оның айтуынша, Ә. Мурадовтың қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

«Осыған дейін қаралған барлық мән-жайды ескере отырып, Ә. Мурадовты Қылмыстық кодекстің 4 және 9-тармақтардың 261-бабына сәйкес қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тануды және оған ҚР Қылмыстық кодекстің 2-тармағының 55-бабы 2-бөліміне сәйкес 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазаны өтеу қауіпсіздік орташа қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде белгіленсін», - дейді ол.

Айта кетейік, Ә. Мурадовтың ісіне қатысты сот үкімі 18 қыркүйек күні сағат 12:00-де шығады деп күтілуде.

Бұған дейін сот барысында Kaspi Bank-тің бөлімшесіне шабуыл жасаған күдікті Ішкі істер министрімен келіссөздің қалай жүргенін айтып берген еді.

Еске сала кетсек, биыл 18 маусымда қаруланған ер адам елордадағы Kaspi банк ғимаратында бірнеше кісіні тұтқында ұстап отырды.

Араға уақыт салып аталған банктің баспасөз қызметі ғимаратта клиенттердің жоқтығын және полиция қызметкерлерінің күдіктімен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Оқиға орнына Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов барды.

Полиция қызметкерлері кепілдегі азаматтарды босатып алды.

23 тамызда Kaspi Bank ғимаратына жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс сотқа жеткенін хабарлаған едік.

Айта кетсек, 29 тамызда өткен алғашқы сот отырысында Kaspi Bank ғимаратын басып алған жігіт оның алдында өзін өлтіру үшін дәрі ішкені белгілі болды.

Одан бөлек, Kaspi банк қызметкері ғимаратқа шабуылдау оқиғасын бастан-аяқ айтып берген еді.