​“Пышақ болса сұғып алар ма едіңіз”: Алматыда автобус жүргізушісін ұрған азамат “өз-өзіне ие бола алмай” қалғанын айтты

0
492

Іс Алматы қаласындағы Алатау аудандық сотында қаралып жатыр.


​“Пышақ болса сұғып алар ма едіңіз”: Алматыда автобус жүргізушісін ұрған азамат “өз-өзіне ие бола алмай” қалғанын айтты

ERNUR.KZ. Алматыда 3 адамның өліміне әкелген автобус апатына қатысты сот отырысы жалғасуда. Сот барысында жол-көлік оқиғасы туралы куәгердің айғағы оқылды. Сонымен қоса автобус жүргізушісі мен жәбірленуші арасында дау туындады, деп жазады stan.kz.

Іс Алматы қаласындағы Алатау аудандық сотында қаралып жатыр. Сотталушы – 32 жастағы Дархан Ахметжанов. Сот барысында күдіктінің адвокаты жол апаты оқиғасының куәгері болған азаматтың айғағын оқыды. Куәгердің сөзінше, жол ақысын төлемеген азамат пен автобус жүргізушісінің арасында дау туындаған.

“Досым екеуміз "Аport" сауда орталығының аялдамасынан отырдық, автобуста 10 шақты адам болды. 7-аурухананың аялдамасында автобус бір-екі минут тоқтады. Содан жолаушылар арық жігіттің жол ақысын төлемегеніне наразы болып, жүргізуші оны төлемейінше автобустан түсірмейтінін айтты. Содан ол ашуланып есікті жауып, келесі аялдамаға дейін ер адамнан жол ақысын төлеуін талап етті. Жүргізуші мен ер адамның арасында жан-жал болды. Олар бір-біріне балағат сөздер айтып, кейін ол (күдікті) жүргізушінің бетінен екі рет соққы жасады. Менің досым оларды тұрып ажыратпақ болды, мен де тұра бергенімде аяғым шалынып басымды әйнекке соқтым”, – делінген куәгердің жауабында.
Алматыдағы үш адамның өмірін қиған автобус апаты: Оқиға куәгері сотта жауабын өзгертті
Алматыда жақындары кішкентай баланы автобуста ұмытып кеткен
Айғақ беруішінің айтуынша, ол жүргізушінің бір бүйіріне қарай құлағанын көреді.
“Ол “тежегіш” деп айтып жатты. Сосын мен оның аяғын газдан алып, автобусты тоқтаттым. Осы кезде азамат (күдікті) өздігімен есікті ашып, кетіп қалмақшы болды. Ал жүргізуші “оны ұстаңдар, кінәлі сол” деді”, – дейді куәгер.
Сот барысында сотталушының автобус жүргізушісін ұрғаны көрсетілген бейнежазба көрсетілді. Видеоны көру кезінде күдікті мен автобус жүргізушісіне сұрақтар қойылды. Жүргізуші күдіктінің жолақысын төлемегені үшін көліктен түсірмей қойғанын айтты. Ал сотталушы жүргізушінің өзіне балағат сөздер айтып осы арқылы өзін арандатқанын алға тартты.

“Маған “мен сен сияқты малдарды білемін” деп түсірмей қойды”, – деп ақталады Ахметжанов.

Сотқа келген жәбірленушінің туысы автобус жүргізушісін кінәлап, “100 теңге төлемегеніне қарамай не себепті түсіріп жібермегенін” сұрады. “Сонда адамның құны 100 теңгеден кем болғаны ма” деп сұрады ол. Ал жүргізуші бұл сұрақты өзіне емес өзін ұрған азаматқа қоюды өтінді.
Судья сотталушыдан жүргізушіні не себепті ұрғанын сұрады.
“Жарайды сізге балағат сөздер айтсын делік, автобустан түскесін полиция шақырып, арыз жазып неге басқаша әрекет етпедіңіз. Не себепті ұрдыңыз?! Қолыңызда пышақ болса сұғып алар ма едіңіз?! Қолыңызды неге қолданасыз?”, – деді судья.
“Өзінің бұл әрекетіне қатты өкінетінін” айтқан сотталушы “өз-өзіне ие бола алмай” қалғанын айтып ақталды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған, жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Полиция автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғаған еді.
Бұған дейін автобус апатына кінәлі сотталушы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан.