Республикалық бюджет кірісі азайды

0
335

Салықтар бойынша жоспардың 400 млрд теңгеге орындалмауына корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық әсер еткен.


Республикалық бюджет кірісі азайды

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басынан республикалық бюджет түсімі азайып, жергілікті бюджет кірістері артқанын мәлім етті, деп жазады ulysmedia.kz.

«Мемлекет бюджетіне 8 трлн теңгеден аса кіріс түсті немесе жоспар 103,0% орындалды. Ал республикалық бюджетке 5,4 трлн теңге түсті. Жоспар 93,8% орындалды. Атқарылмаған бөлігі 355 млрд теңгені құрады», - деді Е. Жамаубаев.

Министрдің сөзінше, салықтар бойынша жоспардың 400 млрд теңгеге орындалмауына корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық әсер еткен.

«Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы биылғы 5 айда 641 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңінен 34% немесе 108 млрд теңгеге азаюымен байланысты. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13% төмендеуімен байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 11% төмендеуі әсер етті», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Үкімет Ұлттық қордағы қаржыны 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғаны хабарланған.