«С удовольствием жауап беремін»: Мәдениет министрі сөзден жаңылды

0
1 751

Мәдениет және спорт министрі сұрақты дұрыс түсінбегенін мойындап, кешірім сұрады.


«С удовольствием жауап беремін»: Мәдениет министрі сөзден жаңылды

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сұрақты дұрыс түсінбей, депутаттарды күлкіге қарқ қылды, деп жазады baq.kz.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы талқыланды. Жиында депутат Балаим Кесебаева министрге сауал жолдады.


«Аталған заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың жаңа құрамдарын енгізу көзделіп отыр. Бұл тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғау аймақтарында, құрылыс жүргізу және қорғалатын тарихи ландшафтар аймақтарында жерлерді пайдалануды бұзу фактілерімен байланысты», - деді ол.

Сонымен қатар депутат Арыстанбек Мұхамедиұлына реставрация мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

«Тарихи-мәдени ескерткіштері мен объектілерінде ғылыми реставрациялық жұмыстарды жүргізу тәртібін бұзғаны үшін аталған заң жобасы аясында әкімшілік құқықтық жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл норма өте қажет. Бірақ заң жобасында осы нормалардың қалай жұмыс істейтіні белгісіз және түсініксіз», - деді Балаим Кесебаева.

Мәдениет және спорт министрі алдымен екінші сұраққа жауап берді.

«Археологиялық жұмыстар бойынша тапсырыс министрлік сайтында міндетті түрде жарияланады. Реставрацияны жүргізу тәртібін міндетті түрде заңда жазамыз. Реставрация өте күрделі дүние. Ал сіздің бірінші сұрағыңызға Ауыл шаруашылығы министрлігінің үлкен маманы Ерлан Нысанбаев жауап береді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Жалпы министрдің позициясын қолдаймыз», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев сауалды түсініңкіремей. Оның сөзін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бөлді.

«Аталған сұрақтың сіздің министрлікке қандай жақындығы бар», - деді ол.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрі сұрақты дұрыс түсінбегенін мойындап, кешірім сұрады.

«Нұрлан Зайрулаұлы, сізден кешірім сұраймын. Сұрақ жерді қорғауға қатысты болды ғой. Енді мәселе жерге қатысты ғой. Кешірім сұраймын. С удовольстием, сұраққа жауап беремін», - деді министр күліп.

Осы сәтте залдағы депутаттар күлкіге қарқ болды.