Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды: Тоқаев жеңіске жетті

0
557

​Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент сайлауы осымен жетінші рет өтті.


Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды: Тоқаев жеңіске жетті

ERNUR.KZ. Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Сайлауға түскен 6 кандидаттың ішінде ең көп дауысты қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жинады.
Сонымен бірге сайлаушыларға осы жолы "Бәріне қарсымын" деген тармақты таңдау мүмкіндігі берілді.
Алдын ала қорытынды бойынша, президенттікке үміткерлер мынадай дауыс жинады:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан) – 81,31% немесе 6 456 392 адам;
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі) – 2,53% немесе 200 907 адам;
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы) – 3,42% немесе 271 641 адам;
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі) – 2,6 % немесе 206 206 адам;
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі) –2,12 % немесе 168 731 адам;
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы) – 2,22 % немесе 176 116 адам дауыс берді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 11 953 465 қазақстандық енгізілген. Соның ішінде 8 300 046 сайлаушы немесе 69,44%-ті дауыс берді.
Өз таңдауын жасаған сайлаушылар саны жағынан Жетісу, Абай, Қызылорда және Түркістан облыстары көш бастады. Бұл өңірлерде халықтың сексен пайызы сайлау учаскелеріне барған.
Ал Алматы мен Астана тұрғындарының белсенділігі төмен болды. Оңтүстік мегаполисте сайлауға бару көрсеткіші отыз пайызға да жетпеді, ал елорда 50%-ті еңсере алмады.
Саяси науқанды 10 халықаралық ұйым мен 35 мемлекеттен 641 байқаушы бақылады.
Айта кетері, жаңа президент жеті жылға және тек бір мерзімге сайланды.