Сайлауға түсетін үшінші үміткер анықталды

0
1 591

Мұхтар Тінікеев сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты.


Сайлауға түсетін үшінші үміткер анықталды

ERNUR.KZ. ҚР Кәсіподақтар федерациясының атқару комитетінің отырысында екі үміткер ұсынылды. Бірақ оның бірі, федерация төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев президенттіке сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартқан, деп жазады sputniknews.kz.

Оның орнына ҚР Кәсіподақтар федерациясы президент сайлауына экс-депутат Амангелді Таспиховтың кандидатурасын ұсынды.

Амангелді Таспихов 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – инженер-механик. 1998-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болды. Кейін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарды. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Айта кетсек, бірінші болып "Ұлы Дала қырандары" республикалық қозғалысы президентікке жазушы, журналист Сәдібек Түгелдің кандидатурасын ұсынған болатын. Ал 23 сәуірде өткен "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XIX съезінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік партиясы атынан сайлауға түсетіні белгілі болды.

Басқа да саяси партиялар бірінен соң бірі президенттікке кандидаттарын ұсына бастайды. "Ақ жол" партиясының съезі 24 сәуірде өтсе, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 25 сәуірде жиналады. Қазақстанның коммунистік халық партиясының делегаттары 26 сәуірде бас қосады. Ал "Бірлік" партиясы уақыт тапшылығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты.