ШҚО-да Құнанбай қажы мешіті ашылды

0
2 886

500 адамға шақталған мешіт жанында Бөкенші баба ұрпақтары салдырған хатымхана бар.


ШҚО-да Құнанбай қажы мешіті ашылды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті. Игі шараға Семей өңіріне арнайы келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров және жергілікті ақсақалдар қатысты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Аудан орталығы Қарауылда ашылған жаңа мешітке «Құнанбай қажы» деген атау берілді. Бас мүфти тәлім мен тәрбиеге негізделген мешіттің мәнін көпшілікке жеткізіп, Құнанбай қажының парасат пайымына да тоқталып өтті.

«Біз үнемі Абайды биік дәрежеде айтып келеміз. Оның ақыл-парасат, данышпандық, ақындық қасиеті жоғары екенін білеміз. Абай әркез әділдікті қалады. Бірақ осы Абайдың биік дәрежеге жетуінде Әке мектебі тұрғанын ұмытпаған жөн. Бүгінгі абайтанушылар да осыны жиі айтып жүр. Өйткені жүз мектептің тәрбиесіне тең келетін Құнанбайдың қасиетін көріп өскен бала Абай ұлтына адал қызмет етті. Құнанбай болыс бола жүріп, мемлекеттік қызметпен қатар тәрбие ісіне де араласты. «Ескі там» деген жерде мектеп салғызды, кейін медресе, Қарқаралыда мешіт салдырды. Міне, Аллаға шүкір арғы бабаларымыздың есімін ерлік көріп, насихаттайтын кезге жеттік. Бұл әуелі Алла, екінші Тәуелсіздігіміздің арқасы. Діни басқарманың құрылғанына 30 жыл және биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әр аймақтағы мешіттерімізге тарихи тұлғалар, дін жанашырлары, батырлардың есімін беруді ұйғарған едік. Міне «Құнанбай қажы» мешіті де бүгін есігін ашты. Құтты болсын. Іші жамағатқа толсын, жамағаты ауызбіршілікте болсын», - деп Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа мешітке Діни басқарма атынан сый-сияпат табыстады.

Құрылысы соңғы бір жылда қарқын алып, жергілікті кәсіпкер Думан Амантайұлының демеушілігімен аяқталған. Бұған дейін аудан халқы осы жердегі көне мешітте құлшылық жасап келген болатын. 500 адамға шақталған мешіт жанында Бөкенші баба ұрпақтары салдырған хатымхана бар.