ШҚО-дағы орман және дала өрттерінің 75 пайызы найзағайдың салдарынан болған

0
743

Қызыл жалын 15645,52 гектар орман алқабына жайылды.


ШҚО-дағы орман және дала өрттерінің 75 пайызы найзағайдың салдарынан болған

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысындағы орман және дала өрттерінің 75 пайызы найзағайдың салдарынан шыққан. Бұл туралы ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Өрт қаупі жоғарғы кезеңді қорытындылаған құтқарушылардың мәліметінше, сәуір айының басынан бері өңір аумағында 76 орман өрті шыққан. Қызыл жалын 15645,52 гектар орман алқабына жайылды. Сондай-ақ 105 рет дала өрті тіркелді.

«Өрт сөндірушілер үшін ең қиын кез маусым айында болды. Құтқарушылар бір айда орманшылармен бірге 100 рет өртпен күресті. От ауылдарға бірнеше рет жақындағанымен, дер кезінде тоқтатылды», - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
2023 жылы орман өрттерін сөндіру үшін жедел ден қою жасағын құру жоспарлануда.
Биыл өңірдегі барлық орман және дала өрттерінің 75 пайызы найзағайдан, ал қалған 25 пайызы адамдардың қателігінен немесе абайсыздығынан шықты.
«Найзағайдан болатын өрттің алдын алу мүмкін емес. Сондықтан ормандарды сақтаудың жалғыз жолы - өртті дер кезінде ауыздықтап отыру. Ол үшін бақылау жүйесін дамытып жатырмыз. Нақты айтқанда, ғарыш арқылы мониторинг жасалуда. Соның көмегімен 662 жылу нүктесі анықталып, дереу тиісті шаралар қабылданды», - деп атап өтті Нұржан Өміржанов.