Синоптиктер ескертуін елемеген жамбылдық көлігімен қар құрсауында қалды

0
2 426

Жүргізуші ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ол Тараздан Шымкент қаласына қарай бет алған.


Синоптиктер ескертуін елемеген жамбылдық көлігімен қар құрсауында қалды

ERNUR.KZ. Ауа райының нашарлауына қарамастан көлігімен Тараздан Шымкентке аттанған жүргізуші қар құрсауында қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тасжолының 582-шақырымында қар құрсауында қалып қойған көлік жүргізушісіне көмек көрсетті. Жуалы ауданы Шақпақ ауылының учаскесін патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері 37 жастағы жүргізушінің басқаруымен қарда тұрып қалған «БМВ 520» маркалы автокөлігін көрген.

Полиция қызметкерлері өзге азаматтардың күшімен көлікті қар құрсауынан босатты. Жүргізушінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ол Тараздан Шымкент қаласына қарай бет алған. Алайда, жүріп келе жатқан көлігі жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі омбы қарға түскен. Өз бетінше қардан шықпақ болған әрекетінен ештеңе шықпай абыржыған жүргізуші жылыну үшін көлікке кіріп отырған. Осы кезде оған күтпеген жерден көмек келген.

Жамбылдық полиция қызметкерлері жүргізушіні бақылауға алып, Түркістан облысы шекарасының аумағына дейін шығарып салған. Ер адам полицейлерге шын жүректен алғысын айтып, олардың жұыстарына сәттілік тіледі.


«Ауа райының қолайсыздығын, жолдарда көктайғақтың пайда болуын, жел мен боранның күшеюін, сондай-ақ кей жерлерде тұманның түсуіне байланысты жол-көлік оқиғаларының өсу қаупі артуда. Жүргізушілер ауа райы туралы ескертулерге назар аударып, жолдағы жағдайды қадағалап, мүмкіндігінше жолға шықпағандары дұрыс», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.