Синоптиктер наурыз айында ауа райы қандай болатынын айтты

0
849

Синоптиктердің болжамынша, алғашқы онкүндіктің ортасында көптеген өңірде күн жылы болады, бірақ ол ұзаққа созылмайды.


Синоптиктер наурыз айында ауа райы қандай болатынын айтты

ERNUR.KZ. Қазгидромет наурыз айына ауа райы болжамын ұсынды, деп жазады sputnik.kz.

Синоптиктердің болжамынша, алғашқы онкүндіктің ортасында көптеген өңірде күн жылы болады, бірақ ол ұзаққа созылмайды.
"Наурыз айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында және Атырау облысының қиыр солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, ал солтүстік-батыста нормадан көп болады", - делінген хабарламада.
Бірінші онкүндіктің басында батыс антициклоны мен Сібір антициклоны әсерінен елдің басым бөлігінде ауа температурасы қысқа мерзімге төмендейді.
Түнде температура:
батыста, солтүстік-батыста – -5-15°С дейін;
солтүстікте, орталықта және шығыста – -15-25°С дейін;
оңтүстік өңірлерде – -3-11°С дейін түседі.
Күндізгі температураның негізгі фоны: солтүстік-батыста -3+2°С, солтүстік бөлігінде – -3-8°С, оңтүстік жартысында – +8+15°С, қиыр оңтүстікте +20°С.
Онкүндік ортасында солтүстік өңірлерде жаңбыр және қар жауып, кей күндері бұрқасын соғады. Оңтүстік облыстарда көбіне жаңбыр жауады, ал батыста, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жауын-шашын болады. Желдің екпіні 15-25 м/с дейін күшейеді, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады деп болжанып отыр. Тұман түсіп, көктайғақ болуы да мүмкін.
Осыдан кейін ауа температурасы қысқа мерзімге жоғарылайды:
солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде 0, -8°С дейін, күндіз 0,+5°С дейін;
оңтүстік бөлігінде түнде +2+10°С, күндіз +13+20°С дейін;
тек елдің батысында күндіз 0, -8°С дейін аздап төмендейді.
"Онкүндік соңында батыс антициклонның ығысуымен жауын-шашын тоқтап, солтүстікте ауа температурасы түнде қайтадан -10-17°С дейін, күндіз 5-10°С дейін төмендейді. Ал оңтүстікте түнде 0,-8°С дейін, күндіз +3+8°С дейін түседі", - деді синоптиктер.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде көбінесе солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын (жаңбыр, қар) түсіп, жел күшейеді, елдің басым бөлігінде тұман, көктайғақ күтілуде.
Ауа температурасы:
батыс өңірлерде түнде -7-15°С-тан -2+3°С-қа дейін, күндіз +3+8°С-тан +16+21°С-қа дейін;
солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -12-23°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз -1-6°С-тан +11+16°С-қа дейін;
оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде -3-8°С-тан +5+10°С-қа дейін, күндіз -4+1°С-тан +18+23°С-қа дейін ауытқиды.