СҚО-да ат жарысы маусымы ашылды

0
457

Пандемияға байланысты өңірде екі жылға жуық ат спорты жарыстары өткізілген жоқ.


СҚО-да ат жарысы маусымы ашылды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында екі жылға жуық үзілістен кейін «Құлагер» ипподромында жазғы ат жарысы маусымы ашылып, облыстық ат спорты жарыстары өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, пандемияға байланысты өңірде екі жылға жуық ат спорты жарыстары өткізілген жоқ. Сол себепті ат спортының ашылуын көпшілік асыға күткен еді. Көрермендер бұрыннан белгілі шабандоздар мен олардың аттарын ерекше қошеметпен қарсы алды.

Жеңіске үміткерлер қатарында ағайынды Абдували мен Аваз Нұрметовтар, Артем мен Евгений Чибисовтар, әкесі мен қызы Ульфат пен Румия Усмановтар болды.

Десек те, 1600 метр қашықтықта Мамлют ауданының шабандозы Андрей Касилов үш жасар Пилигрим тұлпарымен алдына жан салмады.

1800 метрлік ұшқыр бәйгеде Ақжар ауданының атынан шыққан Демиш атты сәйгүлік көш бастады. Ағылшындық таза қанды тұлпармен өнер көрсеткен Дмитрий Волков көптеген жарыстардың жеңімпазы. Оның Демиші мәреде Румия Усманованың атақты жүйрігі Юсупты басып озды.

Александр Литвинов төрт жасар Пелепонезде сәйгүлігімен 1600 метр қашықтықта Чудесной және Терпеливый аттарымен шыққан ағайынды Аваз бен Абдуали Нұрметовтерді басып озды.

7000 метрлік жорға жарыста мәреге бірінші болып Александр Корнилов тізгіндеген Рысак жетті.

Аламан бәйге - 12 000 метр қашықтықта 12 ат жарысты, бірақ мәреге тек үш тұлпар ғана жете алды. Нәтижесінде бас жүлде Тарлан атты ағылшындық таза тұқымды сәйгүлігімен бірінші келген Ақжар ауданының шабандозы Дамир Даниярға берілді.