Скринингтік зерттеулер қауіпті дертті ерте анықтауға мүмкіндік береді – дәрігер

0
2 484

Скрининг 0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға және 30 жастан 70 жасқа дейінгі жас санатына жасалады.


Скринингтік зерттеулер қауіпті дертті ерте анықтауға мүмкіндік береді – дәрігер

ERNUR.KZ. Скринингті тұрақты түрде және уақытылы өту – денсаулық үшін өте маңызды. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының терапевт дәрігері Раушан Қабыкенова айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуыша, ауруларды ерте сатысында анықтау және олардың туындауына әсер ететін қауіпті факторлардың, олардың өршуін алдын алу, халық денсаулығын нығайту үшін Қазақстанда Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізілген. Ол халықтың нысаналы топтарының, яғни нақты аурулар бойынша белгілі бір жас тобындағы дені сау тұлғалардың жаппай профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуді қарастырады.

Скрининг 2, яғни 0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға және 30 жастан 70 жасқа дейінгі жас санатына жасалады. Балалар кәмелетке толғанға дейін жыл сайын профилактикалық тексеріп-қарудан өтіп тұрулары тиіс.

Тексеріп-қарау ешқандай симптомдар болмаған жағдайда да, денсаулыққа деген сенімділіктің болуы үшін жасалады. Скрининг тегін жасалады. Профилактикалық тексеріп-қарауды қаржыландыру Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысы есебінен іске асырылады, сондықтан скрининг өту үшін сақтандырылушы мәртебесінің болуы қажет.


«Соңғы жылдары скринингтік бағдарламалардың кеңеюіне байланысты Қазақстанда қанайналым жүйесінің аурулары, оның ішінде егде және қартайған жаста жүректің ишемиялық ауруларының өсу барысы анықталды. Сондықтан қанайналым жүйесінің ауруларын анықтау бойынша амбулаториялық-емханалық жұмыстардың тиімділігін арттыру қажет. Ең маңызды проблемалардың бірі - қант диабеті ауруына шалдыққандар санының өсуі. Әлеуметтік маңызды аурулар зор экономикалық зиян келтіреді және өмір сүру ұзақтығын төмендетеді. Сонымен қатар, ерте анықтау және диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін кеңінен қолдану қанайналым жүйесінің аурулары және қант диабетінен болатын өлім санының көрсеткіштерін азайтуға мүмкіндік береді»,- дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Раушан Қабыкенова.


Өңірлермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Раушан Қабыкенованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты тоқсан сайын ересек тұрғындар арасында қанайналым жүйесінің аурулары және қант диабетін ерте анықтау бойынша халықтың нысаналы топтарына скринингтік тексеру жүргізеді.


«Республикамыздың амбулаториялық-емханалық ұйымдарының белсенді жұмысының нәтижесінде нысаналы тексеріп-қараудан өтетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Осылайша, тек 2020 жылдың 12 айында 1,5 млн астам адам, яғни тексеруге тиісті тұрғындардың 94%-ы қанайналым жүйесінің ауруларына қаралды. Халықтың нысаналы топтарын тексеріп-қараудың нәтижесінде 65 мыңнан астам адамда (4,3%) қанайналым жүйесінің ауруының ерте сатысы анықталды, олардың ішінде 88%-ы диспансерлік есепке алынды»,- дейді ол.


Қант диабетін ерте анықтау үшін былтыр скринингпен 1,6 млн астам адам қамтылды.


«Бұл тексерілуге тиістілердің 93%-ын құрайды. Бұл ретте 12 мыңнан астам қант диабетімен ауыратындар (0,78%) анықталды. Олардың барлығын емханалар диспансерлік есепке алып, тұрақты түрде тегін дәрімен қамтамасыз ететін болады. Скринингтік зерттеулер әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан профилактикалық мақсатта оны үнемі және уақытылы өтіп тұру қажет», - деді Раушан Қабыкенова.