Солтүстік Қазақстанда әкімдік ғимараты өртеніп кетті

0
408

Солтүстік Қазақстан облысында өткен түнде екі ауылда ірі өрт болды.


Солтүстік Қазақстанда әкімдік ғимараты өртеніп кетті

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының Воскресеновка ауылында әкімдік ғимараты өртенді, деп жазады stan.kz.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында өткен түнде екі ауылда ірі өрт болды. Ауылдық әкімдік ғимараты мен тұрғын үй өртеніп кетті. Түнгі сағат бір шамасында Мамлют қалалық өрт сөндіру бөлімінің орталық пультіне Воскресеновка ауылында әкімдік ғимаратының пеш жағатын бөлмесінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Пеш жағатын бөлмеден шыққан өрт әкімдік ғимаратына тарады. Өрт сөндірілді, қазір оның себебін анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Болжам бойынша, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болған", - деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Дмитрий Растихин.

1950-60 жылдары салынған әкімдік ғимараты толығымен ағаштан салынғандықтан, бірден жанып кеткен. Өрт сөндірушілер құрал-жабдықтарды эвакуациялап, компьютерлерді, кеңсе техникаларын, құжаттарды сыртқа алып шықты. Ғимаратта әкімдіктен бөлек пошта бөлімшесі болған. Шамамен 80 шаршы метр аумақ өртенген.

Сонымен қатар сол түні Шал ақын ауданы, Семиполка ауылында да өрт болды. Өрт сөндірушілер келген кезде іштен кілтпен жабылған үйді толығымен өрт шарпыған. Көршілердің айтуынша, үйде ер адам мен әйел болған.

"Сағат 9:30-да өрт сөндірілді, оқиға орнында тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қазір бір адамның сүйегі табылды, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді ТЖД өклі.