Студенттердің стипендиясы сақталады – Білім басқармасы

0
869

4 157 студентке тамақтану үшін өтемақы карталарына аударылды.


Студенттердің стипендиясы сақталады – Білім басқармасы

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысы жайлы ақпарат берді, деп жазады Елорда Инфо.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында 35 осындай мекеме (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары - автор ескерт.) жұмыс жасап жатыр. 16 наурыздан бастап біздің колледждеріміз қашықтан білім алуға көшті. Барлық студент, оқытушылар мен ата-аналар хабардар. Тиісті шаралар жүргізілді. Дезинфекциялық ахуалға келетін болсақ, біздің барлық кәсіптік және техникалық білім беру мекемесінде санитайзерлер орнатылған, дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті», - деді Ш.Қадырова елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, 9 172 студент басқа қаладан келіп, оқып жатқан. Олар өздерінің тұрғылықты жеріне жіберілді. 4 157 студентке тамақтану үшін өтемақы карталарына аударылды. Сондай-ақ, студенттердің степендиясы сақталады.
«Осы студенттер арасында ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтар саны 229-ды құрап отыр. Олар «Платонус», «Moodle» білім беру порталы, Google class room арқылы тапсырмалар алады. Интернетке қолжетімділігі жоқ студенттерге оқулықтар, дәрістік материалдар мен тапсырмалар жеткізіледі. Кәсіптік практика кешірек мерзімге ауыстырылды. Біздің барлық білім алушымыз силлабустармен, жұмыс бағдарламаларымен қамтамасыз етілген. Студенттер оларға арнайы интернет жүйелер арқылы қол жеткізе алады», - деді Қадырова.
Басқарма басшысының мәліметінше, оқытушылар әкімшілік-штаттық режимде қашықтан жұмыс істейді, жеке байланыстар азайған. Нұр-Cұлтан қаласының білім беру жүйесінде жиналыстар, ұйымдастыру жұмыстары мен біліктілікті арттыру курстары онлайн режимге өтті. Техникалық қызметтер белгіленген кесте бойынша жұмыс істейді.

Бұған дейін Шолпан Қадырова балабақша жұмысындағы өзгерістер жайлы айтып, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға апармауға кеңес берген еді. Сондай-ақ, ол болашақ студенттер жайын да қозғады. Мектеп түлектерінің ҰБТ тапсыру уақыты әлі белгісіз екенін жеткізді.

Атап өтсек, 15 наурыз күні ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 16 наурыз бен 15 сәуір кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін», - делінген ресми құжатта.