​"Суперотбасы-2" мультфильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетілді

0
11 107

Мен көрермендерге қазақ тіліндегі нұсқасына бүкіл отбасымен баруға ұсынамын", - деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.


​

"Болашақ" Қауымдастығының корпоративтік қоры, BI Group компаниясы, Walt Disney Pictures және Pixar студиялары көптен күткен "Суперсемейка-2"/"Суперотбасы-2" фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын көрермендерге ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. BNews.kz сайтына сілтеме жасап.

14 жыл өткен соң "Суперотбасы" аннимациялық фильмінің жанкүйерлері көптен күткен оқиғаның жалғасын көруге мүмкіндік алды. Аталған мультфильмінің бірінші бөлімі 2004 жылы жарық көрген болатын. Осы уақыттың ішінде көп нәрсе өзгерді, бірақ "Суперотбасы" кейіпкерлері сол қалпында қалды. Фильмнің екінші бөлімінде режиссер Брэд Бёрд барлық назарды Мистер Ерекшеге емес, оның жұбайына аударуды ұйғарды. Фильмнің желісі бойынша Хелен Парр отбасының көшбасшысы, ал оның күйеуі Джек-Джек балақайдың тәрбиесімен айналысатын болады. Яғни, көрермендер бұл жолы жақсы көретін Мистер Ерекшені басқа қырынан көреді. Ол енді супербатыр костюмінде пайда болмайды, оның есесіне әйелі ғаламды құтқару үшін қауіпті миссияға бара жатқанда, үш балаға қамқор болып қалады.


"Суперотбасы-2" – "Болашақ" Қауымдастығының корпоративтік қорымен бірлесе отырып, қазақ тіліне дубляждалған 24-ші фильм. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев.

"Мен үшін "Суперотбасы-2" фильмі "Коконың құпиясы", "Галактика сақшылары. 2 бөлім" және "Өрмекші-адам. Қайта оралу" фильмдерінен кейінгі жобадағы толыққанды төртінші жұмысым. Бұл фильм біздің ата-аналарымыз, біздің супербатырларымыз жайлы. Бұл фильмді дубляждау барысына тек театр әртістері емес, сондай-ақ киноактерлар да қатысты. Әрдайым біз жаңа актерлерді ашуға тырысамыз. Дубляж актерларын іздестіру мақсатында біз үлкен кастинг өткіздік. Ұзақ уақыт бойы Виолетта кейіпкері үшін дауыс таба алмадық, фильмнің дубляж тобы театрдың жас актрисасы – Айкөркем Әділгерееваны ашпас бұрын, бүкіл Қазақстан бойынша іздеу жүргіздік. Басты кейіпкерлердің бірі – Желаяқты жас актер Дидар Құралбаев дыбыстады. Оның жасы небәрі 11-де, соған қарамастан, ол "Коконың құпиясы" мультфильмін дубляждаған Ақарыс Әшімханға жақсы бәсекелес бола алады. Бір қызығы, фильммен жұмыс барысында мен әйел адамды дыбыстадым. Эдна Мод – бірқилы мінезді супербатырларға арналған киім дизайнері, мен дыбыстаған 20-шы Disney кейіпкері. Жалпы айтқанда, дубляжға 60-тан аса актер қатысты.

Қорытындылай келсем, "Суперотбасы-2" – махаббат пен әзілге толы жылы отбасылық мультфильм. Мен көрермендерге қазақ тіліндегі нұсқасына бүкіл отбасымен баруға ұсынамын", - деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.

Астана және Алматы қалаларында алдын ала көрсетілім Kinopark 7 IMAX "Керуен" және Kinopark 11 IMAX Esentai Mall кинотеатрларында өтті.

Іс-шараға жобаның идеялық демеушісі және "Болашақ" Корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Бауыржан Байбек, "Болашақ" Қауымдастығының кеңес Төрағасы, ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Бахтияр Мәкен, сонымен қатар, дубляж актерлары, демеушілер, мәдени және шығармашылық интеллигенция өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, БАҚ өкілдері және блогерлер қатысты.

Жоба ұйымдастырушылары: "Болашақ" Қауымдастығының корпоративтік қоры, Marwin" компаниясының қолдауымен. Дубляждың демеушісі: BI Group компаниясы. Астанада алдын ала көрсетілім "Нұр Отан" партиясының қолдауымен өтсе, ал Алматыда аталған мультфильмнің алдын ала көрсетілімі қала әкімдігінің қолдауымен өтті.