«Сынып жетекшімнен қатты зәбір көрдім»: Алматы білім басқармасы оқушының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

0
869

Оқушының дәл мектебінің алдында сөйлеп тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарады.


«Сынып жетекшімнен қатты зәбір көрдім»: Алматы білім басқармасы оқушының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Алматыдағы №133 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы сынып жетекшісінің балаларды балағаттап, оларға қол көтеретінін мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқушының дәл мектебінің алдында сөйлеп тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарады.

«Осы 133-мектепте оқимын. 1-сыныптан бері келе жатырмын. 5-сыныптан бастап Нүсіпжанова Нұргүлдің сыныбына түстім. Нүсіпжанова Нұргүл апай өте қатыгез апай болды. Әр сабақ бойы балағаттау, айғай болады. Мені кейінгі уақытта өте қатты жұлқылап, қабырғаға итерді. Әр жолы балаларды ұрады. Тыныш отырған балаларға айғайлайды, боқтайды, балағат, неше түрлі сөздерді, өзі қалағанын айтады және ата-аналарыма оны барып айтқанда, олар қолдан келген іс-шараны қолданды, бірақ жоғары жақта отырған директор және орынбасарлары мән берген жоқ. «Кешірім бере салыңыздар» деген әңгімелер болып жатыр. Біздің жанайғайымызды ешкім тыңдап тұрған жоқ бұл жерде. Ата-аналарымыз заң бойынша жүгіріп жүр. Менің сонда құқығым жоқ па?! Мен кәмелет жасына толмағанмын. Мені не үшін жұлқылайды? Кеше түнімен ауруханада болдым. Қолым өте қатты ауырды. Қолымды рентгенге түсірдім, бәрі бар», - дейді ол.
Оқушының сөзінше, сонда да тиісті іс-шаралар қолданылмаған, мектеп әкімшілікгі сынып жетекшісін қорғап жатыр.
«Оныкі дұрыс болып тұрған жоқ. Тақтаға шығарып қойып балаларға айғайлайды. Неше түрлі әңгімесін айтады. «Сендерге, ата-аналарыңа қарағанда, мен жеңемін. Бәрібір ештеңе істей алмайды. Қолдарынан түк келмейді» деген де әңгімесі болды арасында. Сынып жетекшімнен өте қатты зәбір көрдім. «Ақымақ», «тупой» деген де әңгімелер айтылған болатын. Ұлдарға «қатын», «голубой» деген сөздер айтылады. Осы уақытқа дейін ата-анама ештеңе айтпадым, бірақ осы аптаның ішінде мені қатты итеріп, жұлқылап, соққан болатын. Менің сыңарымда да ұрған. Мен мұны ата-анама айттым. Директорға кірдік, кешелі бері біз жүгіріп жатырмыз, бірақ директор бізге мән бермейді. Олар «Кешірім бере салыңыздар, не болды сонша» деген әңгімелерді айтып жатыр. Өзіме «Сені кім қорғайды?», «Сен кімге керексің?» деген сөздері қатты ауыр тиді. Мені жетімсіретіп қойды. Менің, Құдайға шүкір, отбасым бар. Сынып жетекшімді кешіре салуымды сұрап тұр, алайда мен оған кешірім бере алмаймын. Менің кешелі бері қолым ауырып, жедел жәрдемде болдым. Қолым қатты көгерген. Осы уақытқа дейін осындай қорлық көріп келе жатырмыз. Мені директор да, ешқайсы да тыңдамайды. Жылап тұрып жанайғайымның бәрін айттым, бірақ сонда да директорлар мән бермейді, «кешірім бере салыңыздар» деп қояр емес. Сол себепті осылай шығып, айтуыма тура келді. Себебі мені ешкім тыңдамайды», - дейді оқушы.
Алматы білім басқармасы №133 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысының әлеуметтік желіде жариялаған видеосына қатысты түсінік берді.
Ведомствоның хабарлауынша, осы мәселе бойынша комиссия құрылған және комиссия білім беру мекемесіне барып, аталған фактіні қарайды. Мұғалім сынып жетекшісі қызметін атқарудан уақытша шеттетілді.
«Сондай-ақ 2023 жылғы 16 мамырда бұл мәселені Әуезов ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қарау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Алматы білім басқармасының бақылауында», - делінген Алматы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.