Талдықорған әкімі мейрамхана ашылуына қатысты: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі пікірі

0
543

Талдықорған әкімі Ернат Бәзілдің өзі барып ашқан мейрамхана Қазнетте қызу пікірталас тудырды.


Талдықорған әкімі мейрамхана ашылуына қатысты: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі пікірі

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жеке мейрамхананың ашылуына қатысқан Талдықорған әкімі Ернат Бәзілге қатысты жауап берді, деп жазады tengrinews.kz.

Пабликтер мәліметінше, Талдықорған әкімі Ернат Бәзілдің өзі барып ашқан мейрамхана Қазнетте қызу пікірталас тудырды. Талдықорғандықтар әкімнің жаңадан ашылған қоғамдық тамақтану мекемесінің қожайындарына неге құрмет көрсеткеніне таңғалды.


Агенттік департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізе отырып, Shafran мейрамханасының ашылуында Талдықорған әкімі Ернат Бәзілдің болғаны туралы жазбаны анықтаған.

Жазбаның мән-жайын анықтау мақсатында департамент Жетісу облысы әкімінің аппаратына тиісті хат жолдады.

"Берілген жауапқа сәйкес, Талдықорған әкімінің аппараты Shafran мейрамханасының салтанатты ашылуына қала әкімі Бәзіл Е.-нің қатысуы шағын және орта бизнесті қолдау болып табылады. Қоғамдық тамақтану орындарының барлық нысаны шағын және орта бизнеске жатқызылады. Кәсіпкерлікті дамыту инвестиция мен жаңа жұмыс орындарын құруды талап етеді, бұл қала экономикасын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет.
Осындай кәсіпкерлік нысанның ашылуы қала экономикасына оң әсерін тигізіп жатыр және бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында жүзеге асырылды, онда "Кәсіпкерлікті қолдау кезінде орта бизнеске ерекше назар аудару керек" екені айтылған. Өйткені, нарықтағы табыстың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да бейімделуі керек. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту қажет", - делінген МҚІА департаментінің Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.

Департамент қала әкімі мейрамхананың ашылу салтанатына кәсіпкер SG Imperator ЖШС кәсіпкері шақыруымен қатысқанын анықтаған. Бұл ретте, бұған дейін әкім кәсіпкерлердің шақыруымен Denta Brand стоматологиялық орталығы мен Jetysu Arena мұз айдынының ашылу салтанатына да қатысқан.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңның 31-бабы 1) тармағы 4) және 4-3) тармақшаларына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі заңнамаға сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) аумағында кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін Кәсіпкерлік кодекске сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз етеді.

"Осы айтылғандарды ескере отырып, қала әкімі Е.Бәзілдің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі" және Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызметі туралы" заң нормаларын бұзу қарастырылмайды деп есептейміз", - деп түйіндеді МҚІА департаменті.