Талдықорғанда Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады

0
538

Алдағы уақытта Талдықорған қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады.


Талдықорғанда Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады

ERNUR.KZ. Бүгінге дейін қалалық комиссия ескерткіштің бірнеше эскиздік нұсқасын қараған, деп жазады Inbusiness.kz.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін желтоқсандықтармен өткен кездесуде өз орынбасары мен қала әкіміне Желтоқсанның символдық мәнін ашатын үздік жобаны таңдап, алдағы жылдағы Республика күнінде ескерткішті ашуды тапсырды.

Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен кездесуде облыс басшысы жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасында мерт болған азаматтарды еске алып, оқиғаның тікелей қатысушыларымен жүздесуді биыл екінші жыл өткізіп отырғанын атап өтті. Елімізде қолға алынған саяси-экономикалық реформалардың барысы, облыстың даму бағыты жайында қысқаша баяндады.

Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнату туралы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.

"Желтоқсан оқиғасы – бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы айрықша оқиға. Сондықтан бұл ескерткіш, қазақ жастарының ерлігі мен өр рухын айқындайтын, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыратын композиция ретінде айшықталуы керек. Осы орайда Талдықорған қаласының әкімдігі жанындағы комиссия жобаны түпкілікті бекітіп, ескерткіштің орнатылатын жерін анықтауы қажет. Бұл бағытта орынбасарым Марлен Көлбаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге тиісті жұмыстарды жүзеге асырып, келесі жылы 25 қазан - Республика күнінде ескерткішті ашуды тапсырамын", - деді Бейбіт Исабаев.

Ескерткіш Талдықорғанда Гаухар ана көшесіндегі саябақта қойылады деген жоспар бар. Жиында айтылғандай, алдымен саябаққа ескерткіш орнатып, айналасын ретке келтіріп, содан кейінгі кезекте барып саябаққа атау беру жағы ойластырылады. Ең бастысы бұл - Желтоқсан оқиғасының символдық жағынан мән-маңызын айшықтайтын лайықты ескерткіш болуы тиіс.