Танымал актер Сағат Жылгелдиев қайтыс болды

0
1 023

​Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағат Жылгелдиев 68 жасында көз жұмды.


Танымал актер Сағат Жылгелдиев қайтыс болды

Атақты актер Сағат Жылгелдиев өмірден озды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Театр ұжымы, әріптестері марқұмның жұбайы Жібек Лебаева мен отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз", - деп жазады театрдың баспасөз қызметіндегілер.

Актердің жаназасы ертең өз үйінде өтпек. Сол күні сағат 10:00-де Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Сағат Жылгелдиевпен қоштасу рәсімі өтеді.

Сағат Жылгелдиев 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының Аққыр ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген әртисі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.

Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. Ол еңбек жолын 1977 жылы Талдықорған қаласындағы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында бастады.

Ол ойнаған Ақын (И.Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И.Ғайыптың "Алтын ажалында"), Абдолла (С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде"), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың "Әзірет Сұлтанында"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері — Ақтоқтысында") т.б. рольдерін мамандар жоғары бағалаған.

1997 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері болды.

Соңғы жылдары "Келінжан" телехикаясы арқылы көпшілікке танылды.