Тәуелсіздік жылдарын халқымыз абыроймен жүріп өткен «дара жол» деуге болады - Президент

0
581

Мемлекет басшысы еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырғанын баса айтты.


Тәуелсіздік жылдарын халқымыз абыроймен жүріп өткен «дара жол» деуге болады - Президент

ERNUR.KZ. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен «дара жол» деуге болады. Бұл туралы Ақордада Республика күніне орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inform.kz.

«Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен «дара жол» деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық. Елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз БҰҰ төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс», - деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырғанын баса айтты.

«Біз ауқымды бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріскке қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді. Президент 7 жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.