TikTok Қазақстанда платформаның жабылуы туралы Аида Балаеваның сөзіне жауап берді

0
174

Өткен жұмада министрлік өкілі Алматыда өткен іс-шарада сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде мақтаған.


TikTok Қазақстанда платформаның жабылуы туралы Аида Балаеваның сөзіне жауап берді

ERNUR.KZ. TikTok ресми өкілі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Қазақстан аумағында платформаның жабылуы мүмкін деген пікіріне түсініктеме берді, деп жазады inform.kz.

«Біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің елдегі TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына таң қалдық, өйткені министрлік Қазақстандағы Наурыз онлайн фестивалі, қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамаларымызды белсенді қолдап келген еді», — деп атап өтті платформаның ресми өкілі.

Спикердің айтуынша, өткен жұмада министрлік өкілі Алматыда өткен іс-шарада сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде мақтаған.

«Қауіпсіздікке, әсіресе жас пайдаланушыларға келсек, бұл TikTok-тың абсолютті басымдығы және оған көп күш жұмсаймыз. Соның ішінде қауымдастық ережелерін бұзатын контентті белсенді және агрессивті түрде жоямыз. 2023 жылы біз Қазақстанда ережені бұзған төрт миллионнан астам бейнероликті алып тастадық. Біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігін қоса алғанда, мүдделі билік органдарымен тікелей жұмыс істейміз», - деді спикер.

Платформа өкілі соңғы айларда TikTok кәмелетке толмаған пайдаланушылардың қауіпсіздігіне қатысты контентті өшіру жөнінде өтініш түспегенін хабарлады.

«Осыған байланысты және іргелі ынтымақтастығымызды ескере отырып, министрдің мәлімдемесі дәйексіз болып көрінеді. Елдегі миллиондаған адамдар күн сайын TikTok-ты шығармашылықпен бөлісу, тәжірибелерін байыту және табыс табу үшін пайдаланады. Біздің жергілікті қауымдастық платформамызды пайдалануды жалғастырады деп үміттенеміз, ал біз пайдаланушыларымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етеміз», - деп қорытындылады спикер.