Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті

0
836

Тоқаевты ұлықтау рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.


Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Кезектен тыс президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Инаугурация өтетін залға Қазақстанның мемлекеттік туы мен президент байрағы, сондай-ақ, Конституция салтанатты түрде әкелінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын Конституцияға қойып:

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп мемлекеттік тілде Қазақстан халқына ант берді.

Ант бергеннен кейін президент мемлекеттік туды сүйді. Содан соң мемлекеттік әнұран орындалды. Әнұран орындалып жатқан уақытта сырттағы зеңбіректерден оқ атылды. Қазақстан президенті ант берген сәттен бастап ресми түрде қызметіне кіріседі.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан президенті куәлігін табыс етті.
Ант беру рәсіміне парламент депутаттары, үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Президенттің инаугурациясына шет мемлекеттердің басшылары шақырылған жоқ. Салтанатты шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус қана қатысты.
Бұған дейін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев президентті ұлықтау рәсіміне бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтінін мәлімдеген еді.
Айта кетері, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне осымен екінші рет сайланып отыр. Ол мемлекетті 2019 жылдан бері басқарады.
Кезектен тыс президент сайлауы Қазақстанда 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жаңа президентті сайлауға 12 миллионға жуық сайлаушының 8,3 миллионы немесе 69,44%-і қатысты. Сайлауға алты кандидат түсті. Республиканың қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыспен жеңіске жетті.
Жигули Дайрабаев – 3,42% (271 671 дауыс),
Мейрам Қажыкен – 2,53% (200 907),
Қарақат Әбден – 2,6% (206 206),
Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% (168 731),
Нұрлан Әуесбаев – 2,22% (176 116 дауыс) жинады.
Биыл алғаш рет президент сайлауының бюллетеніне "Барлығына қарсымын" бағаны енгізілді. Сайлаушылардың 5,8%-і (460 484 адам) осы тармақты таңдаған.
Айта кетері, жаңа президент жеті жылға және тек бір мерзімге сайланды.