ТҮРКІСТАН: Өндіріс аймақтары да, жаңа жұмыс орындары да көбейіп жатыр

0
1 482

Аталған бағыт бойынша қазіргі уақытта Түркістан облысында біршама жұмыс атқарылып келеді.


ТҮРКІСТАН: Өндіріс аймақтары да, жаңа жұмыс орындары да көбейіп жатыр

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл уақыт бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба қолға алынған. Бүгінде базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында іске асырылып жатқан жобаның негізгі бағыттарының бірі – 491,1 мың жұмыс орнын, оның ішінде 15,7 мың тұрақты жұмыс орнын және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру еді. Сәйкесінше, аталған бағыт бойынша қазіргі уақытта Түркістан облысында біршама жұмыс атқарылып келеді. Әсіресе, облыс орталығы мен аудан, қалалардағы индустриалды аймақты дамыта отырып, тұрғындарды жұмыспен қамту істері көзге де, көңілге де қуаныш сыйлайды. Тиісінше, бүгінгі мақаламыз осы тақырып аясында өрбімек.


Жалпы, бүгінгі таңда күнгей өлкеде тоғыз бірдей индустриалды аймақ бар екен. Олар облыс орталығында, Кентау шаһары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында орын тепкен. Қазіргі уақытта аталған аймақтардағы индустриалды аймақтардың жалпы аумағы – 544 гектарға жетіпті. Ал, осы аймақтарда жалпы құны 4676 миллиард теңгеге жуықтайтын 67 жоба іске асырылып жатса, аталған жобалар аясында 3700-ге тарта жаңа жұмыс орны жасақталған екен. Қазір оның арасындағы 44 жоба жүзеге асырылып, жұмыстар жүргізіліп жатса, қалған 23 жобаны 2023-2024 жылдар аралығында іске қосу көзделген.


Осы ретте облыс аумағындағы индустриалды аймақтарда негізінен құрылысқа қажетте жабдықтарды шығаруға айрықша көңіл бөлінгенін атап өткеніміз жөн. Мәселен, қазір облыс орталығы - Түркістандағы өндіріс орындарында кірпіш, темірбетон, асфальтты бетон, шлакоблок, брусчатка және спорттық алаңшаларды қоршауға арналған торлар шығарылып жатыр. Сәйкесінше, бұл өнімдер Түркістан қаласы өңірдің орталығына айналып, құрылыс-сәулет саласына ден қойылғаннан бастап көпқабатты үйлер мен басқа да жаңа нысандарды тұрғызуға көптеп қолданылуда. Демек, Түркістан қаласындағы құрылысты керекті материалдармен қамтып отырған индустриалды аймақтағы жергілікті өндіріс орындары қаланың түрленіп, жергілікті бюджеттің ахуалын көтеруге атсалысып жатыр деген сөз.

Сондай-ақ, Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда кәсіпкерлерге арналған дайын өндіріс алаңдары да қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, индустриалды аймақта өз ісін жүргізуге ниетті кәсіпкерлер өз идеяларын іске асыру үшін ғимарат салып, уақыт жоғалтпайды. Сәйкесінше, біз сөз етіп отырған дайын алаңдарды жалға алуға, сатып алуға және берешекті бөліп төлеуге болады. Мәселен, қазір облыс орталығындағы индустриалды аймақта осындай 2 дайын өндіріс алаңы жасақталған. Бұл жерлерде жақын арада қазақ-қытай және қазақ-өзбек ынтымақтастықтары шеңберінде лабораториялық жиһаздар дайындау және шұлық өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастамақ. Одан бөлек, Түркістандағы халықаралық әуежайға апаратын тасжол бойында да жаңадан 11 дайын өндіріс алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталмыш жоба 2023 жылдың қазан-қараша айларында аяқталады деп кһзделіп отыр.


Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қазақстан-Қытай», «Сауран», «Сайрам», «Сарыағаш», «Келес» деп аталатын индустриалды аймақтар құру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Сайрам және Қазығұрт аудандары аумағында агроиндустриалды аймақтар құру жоспарланып отыр. Тиісінше, бұл екі жоба өңірдегі алғашқы агроаймақтар болғалы жатыр. Жалпы, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес, 5 ауданда агро аймақ ашу жоспарланған екен.

Тағы бір айта кетерлік жағдай - бірер күн бұрын ғана Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов көлемі алпыс алты мың шаршы метрден асып жығылатын «Түркістан» ӘКК» АҚ өнеркәсіптік паркіндегі жұмыстармен танысқан болатын. Сол сәтте облыс әкімі Үкімет басшысына аймақта жүзеге асырылатын жобалар туралы да баяндап берген. Дәлірек айтсақ, химиялық кешен, бу-газ қондырғысы, мұнай өнімін өңдеу зауыты, газ электр станциясы, күкірт қышқылын өндіретін зауыт, өнеркәсіптік бағыттағы жылыжай, мал бордақылау алаңы және өзге де жобалардың жүзеге асырылуы туралы мәлім еткен. Оған қоса Үкіметтен келген өкілдер облыс аумағында жасалатын жиһаз үлгілерімен де танысқан.


Сонда Үкімет басшысы соңғы бірер жыл ішінде ел аумағында жиһаз жасау ісі қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Әлихан Смайловтың сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың алғашқы 8 айында бұл саладағы өндіріс көлемі 25,2 пайызға өссе, тартылған инвестиция көлемі 65 пайызға артқан. Ал, 2026 жылға дейін жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын бірнеше жаңа жиһаз өндіріс орнын іске қосу жоспарланған.


"Бүгінде мемлекет тарапынан кең ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң шеңберінде кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету шаралары, сұранысты ынталандыру, өнеркәсіптік гранттар қарастырылған. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда өндірушілер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі, кедендік баждардан және тағы басқа салықтардан босату қарастырылған. Отандық жиһаз өндірушілер өткен жылдан бері мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде басым құқыққа ие, сондықтан осындай кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларды тарту мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп, өндірушілерге барлық қолайлы жағдай жасауы қажет», – деді Әлихан Смайылов өз сөзінде.


Сондай-ақ, жуырда ғана ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру бойынша мәжіліс өткізіліп, бұл жиналысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров және аталған жобаға қатысы бар басқарма басшыларының орынбасарлары қатысқан болатын. Сөйтіп, бқл жиында Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына қажетті жер теліміне «Индустриалды аймақ» статусын беру мәселесі қаралған.


Айта кетсек, бұл орталықты құрудағы мақсат – Қазақстан және Өзбекстан республикалары арасындағы өнеркәсіп саласын дамытып, әлемдік бәсекеге қабілеттілік пен инновациялық белсенділікті арттыру, экспортты дамыту мақсатында қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тетіктерін бірлесе дайындау. Нәтижесінде бұл орталық арқылы экономикалық-инвестициялық қарым-қатынас күшейіп, жаңа жұмыс орындары құрылады деп көзделген. Сәйкесінше, қазіргі таңда облыс әкімдігі Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру үшін Мақтаарал ауданы, Атакент елді мекенінің «Атамекен» кеден бекеті маңынан жер телімін таңдап қойған. Біз айтып отырған жоба 2 кезеңнен тұрса, жер телімінің жалпы көлемі 100 гектар аумақты құрайды.


Тиісінше, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы арқылы мақта кластері дамытылып, жеміс-жидек түрлерін терең өңдеу кәсіпорны, тамшылатып суару жүйесін енгізу және өзге де салаларға қатысты жобалар іске қосылады деп жоспарланған.


Десе де, қазіргі таңда өңірдегі кейбір басшылар индустриалды аймақтарға жауапкершілікпен қарамайтын көрінеді. Тіпті аталған проблема бірнеше күн бұрын облыс әкімдігінде қаралып, аймақтарды тексеру жұмыстары жүргізілетін болған. Оған қоса, аймақтарға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі қатаң бақыланатын болады.


Осы жиында облыс әкімі айтқандай, өндірісті өркендетпесе, Түркістан облысы қажетті деңгейде дамымайды. "Бізде бұдан басқа жол жоқ. Жұмысты күшейтіңіздер" - деген индустриалды аймақтарды қараусыз қалдырып, инфрақұрылымын нашарлатып алған аудан, қала әкімдеріне қатаң шара қолданылатынын жеткізген облыс басшысы. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды бұл мәселенің бұған дейін де талқыланғанын айтып, қателіктерді түзету, өндіріс орындарын құру бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, орындалу мерзімін белгілеуді тапсырған болатын. Ал, аталған тапсырмалар орындалмаса, басқарушы компанияның немесе аудан, қала басылар мен олардың орынбасарларының қызметке сәйкестігі қаралатын болған.


Жиында сөз болғандай, бүгінге дейін Кентау қаласы, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарында орналасқан индустриалды аймақтардың инфрақұрылымдық желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған болса, бірнеше аудан, қалада енді салынатын көрінеді. Ал, кейбір аудан, қаладағы индустриалды аймақтар қараусыз қалып, жан-жағы қоршалмай, тіпті жобалар жүзеге асырылмаған екен. Өз кезегінде, облыс басшылығы аталған мәселелерді шешіп, кемшілікті жою тапсырмасының орындалуын қатаң бақылауға алды.


Осы ретте, Индустриалды аймақта кәсібін бастаймын деген азаматтар үшін газ, электр энергиясы, су сынды инфрақұрылым жүйелері аймақ тарапынан жүргізілетінін де айта кету керек. Сәйкесінше, қазіргі уақытта жалпы индустриалды аймақтарда мақта, ауыз сулар, жылдам дайындалатын тағамдар, шырынды сусындар, текстиль өнімдері, құрылыс жабдықтары және басқа да өнімдер шығарылуда. Олардың арасында Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды шет мемлекеттерге, тіпті Еуропа елдеріне экспортталып жатқан өнімдер де бар екен.