Түркиялық компания Қазақстаннан алтын кен орындарын іздейді

0
462

Қазақстан мен Түркияның тау-кен компаниялары геологиялық барлау бағытында бірлескен жобаны қолға алды.


Түркиялық компания Қазақстаннан алтын кен орындарын іздейді

ERNUR.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы мен түркиялық D Mineral компаниясы пайдалы қазбалардың перспективалы орындарын анықтауға байланысты мәмілеге қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.

"Еліміздің минералды-шикізаттық ресурстық базасын толықтыруға арналған маңызды құжатқа "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Бақыт Шіршікбаев пен D Mineral директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Ильхан Пойраз қол қойып, іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан қатысқанын айта кету керек", делінген хабарламада.

Геологиялық барлау жұмыстары сәтті жүзеге асырылғаннан кейін мүдделі тараптар бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.

Бұл орайда И.Пойраз қазақстандық компаниялармен жан-жақты әрі ұзақмерзімді тиімді байланыс орнатуға дайын екендерін жеткізді. Өз кезегінде Б.Шіршікбаев осы бағытта шетелдік серіктестермен өзара пайдалы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдескен орталық атқарушы органдарға ризашылығын білдірді.

Негізгі келісімге қол қойылғаннан кейін екі жақ геологиялық барлауға лицензия алып, бірлескен кәсіпорынды құру жөніндегі жоспарды жүзеге асыруға кіріспек. Осы ретте бірлесіп қолға алынған жоба алтын кен орындарын іздестіруге бағытталатынын айта кетейік. Геологиялық барлау жұмыстарына қаражат бөлуді түркиялық тарап өз жауапкершіліктеріне алғаны белгілі болды.

Айта кетейік, D Mineral Dimin Group (Түркия) холдингінің құрамына кіреді. Негізгі қызмет бағыты темір кені мен мыс өндірумен айналысады.