Учаскелік инспекторлардың мәртебесі өседі– Ерлан Тұрғымбаев

0
645

Оларға заңнамалық тұрғыда өздігімен тыйым салу, тәртіп бұзған азаматтарға шектеу қою құзыреттері беріледі.


Учаскелік инспекторлардың мәртебесі өседі– Ерлан Тұрғымбаев

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру туралы Президент тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп келеміз. Президент өз сөзінде «қылмыстың алдын алатын негізгі фигура - учаскелік инспектор» деп атап өткен болатын. Ол жергілікті халықтың проблемаларын шешіп, қылмыстардың жолын кесіп, азаматтардың қауіпсіз болуын қамтамасыз етуі керек. Біз учаскелік инспекторлардың құзыретін арттырамыз. Оларға заңнамалық тұрғыда өздігімен тыйым салу, тәртіп бұзған азаматтарға шектеу қою құзыреттері беріледі. Мәселен учаскелік инспектор жанжал шығарған отбасы мүшесін үйден шығарып жібере алады. Учаскелік инспектор шешім қабылдай алатындай баптардың саны арттыру көзделген», - деді Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша ішкі резервтің, яғни штатты қайта бөлу есебінен елдегі учаскелік инспекторлардың санын қалыпты нормаға дейін жеткізу жоспарланған.

«Одан бөлек учаскелік инспектор лауазымы мерзімін 5 жылға дейін бекіту көзделген. Бұл өте маңызды. Сонымен қатар инспекторлармен бірге әкімдіктермен бірге жаңа учаскелік бекеттерді салу (оның ішінде тұрғын үйлермен қосылған) көзделіп отыр», - деді ол.

Еске сала кетсек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік инспектордың мәртебесін көтеру керектігін мәлім еткен еді.

«Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек», - деді Президент.