Үкіметте ұн бағасы не себепті өсіп жатқаны талқыланды

0
674

Ұн бағасының өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелді.


Үкіметте ұн бағасы не себепті өсіп жатқаны талқыланды

ERNUR.KZ. Қазақстанның ішкі нарығында ұн өнімдері қымбаттауы мүмкін. 13 облыста ұн бағасы көтеріліп кетті. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы үкіметінде өткен жиында айтылды, деп жазады zakon.kz.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкіметте Серік Жұманғариннің төрағалығымен кеңес өтті. Онда биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға жағдайы мен алдағы маусымаралық кезеңдегі тәуекелдер талқыланды.

"Ауылшаруашылық жылы қабылданған шаралар оң нәтиже берді: әлеуметтік азық-түлік тобының бағасы тұрақтандырылып, былтырмен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны 3 есе төмендеді. 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 6,2% болды (2022 жылғы 9 айда 19,5%). Осы уақыт аралығында ӘМАТ бағасының индексі 3,1% болды (2022 жылғы 9 айда 19,5%) 6 есе төмендеді", – делінген хабарламада.

Қант саласын қолдау, күнбағыс майын өндіру және тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша қабылданған жүйелі шаралар да оң нәтиже берді. Десе де қазір ішкі нарықта ұн өнімдерінің қымбаттау қаупі бар. СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің мәлімдеуінше, астық бағасының көтерілуі нәтижесінде 13 өңірде ұн бағасы өсті.

"Қыркүйек айының ортасында астық нарығының конъюктурасының өзгеруіне байланысты жекелеген өңірлерде бидай бағасының өсуі байқалады. Бағаның өсуіне бірнеше факторлар себеп болды: күн райының қолайсыздығы, отандық астық өңдеушілерге Ресейден жетізілетін астықты тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі".ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Ұн бағасының өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелді.

Қыркүйек айының соңында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктермен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясының арзандатылған астығын өңірлерге жедел жеткізу және оны өңірлердегі ұн өндіруші операторларға беру үшін шұғыл шаралар әзірледі. Бірақ түрлі себептерге байланысты процесс ұзаққа созылды және бүгінгі таңда тек Түркістан облысына арзандатылған астық толық жеткізілді. Серік Жұманғарин барлық өңірде бұл мәселені жедел пысықтап, шешуді тапсырды.

Кеңесте қант зауыттарын қаржыландыру шарттарын ұзартуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда тек 2 өңірде – Абай және Ақмола облыстарында жұмыстар жүргізілген. Вице-премьер бұл мәселені жедел пысықтап, жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қоры туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков баяндады. Ол 14 қыркүйекте Жамбыл облысында өткен үлкен пияз жәрмеңкесінен кейін барлық өңір өз қорларындағы маусымдық қажеттілікті 100%-ға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.