Ұлттық қорда қаражат таусылып қалса бала ақшасыз қала ма – Қор өкілі жауап берді

0
287


Ұлттық қорда қаражат таусылып қалса бала ақшасыз қала ма – Қор өкілі жауап берді

ERNUR.KZ. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде "Ұлттық қор – балаларға" жобасына қатысты брифинг өтіп, спикерлер тілшілердің “ұлттық қор ақшасы таусылуы мүмкін бе” деген сұрағына жауап берді, деп жазады stan.kz.

"Ұлттық қорда қаражат таусылып қалуы мүмкін бе және егер таусылып қалса балалар ақшасыз қала ма" деген Stan.kz тілшісінің сұрағына Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов жауап берді.

"Біз ұлттық қордың қаражатына қол сұқпаймыз. Мұнда Ұлттық қорға түскен қаражаттың тең жартысын осы жобаны іске асыруға жұмсап отырамыз. Сол себепті мұндай тәуекел жоқ", – деді спикер.

Сонымен қатар Арғынғазинов Ұлттық қор активтері, керісінше, көбейетінін тілге тиек етті.

"Біздің алдымызда 2030 жылға дейін Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу туралы мемлекет басшысының міндеті тұр. Осыған орай үкімет те, ұлттық банк те жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Сол себепті күн тәртібінде мұндай мәселе тұрған жоқ", – деп атап өтті ол.

Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет әлеуметтік жәрдемақы төлеп отырған соң, ұлттық қордағы ақша оларға есептелмей қоймай ма деген тілші сұрағына қаржы вице-министрі бағдарламаға 18-ге толмаған барлық бала қатысатынын айтқан еді.

“Ешқандай санаттарға бөлінбейді. 18 жасқа толмаған балаларға бірыңғай құқық беріледі. Инвестициялық табыстың 50%-ы теңдей барлығына бөлінеді”, – деді Дәурен Темірбеков.