ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Жамбыл өңірінде инвестиция көлемі ұлғайып жатыр

0
66

Тиімді тетіктерді қолдану шаралары іске асырылуда.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Жамбыл өңірінде инвестиция көлемі ұлғайып жатыр


2021 жылдан бастап еліміздің өңірлерін дамытуға ықпал етіп келе жатқан бірден-бір жоба – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталатын ұлттық жоба. Өңірлердің әлеуметтік және экономикалық ахуалын көтеруге бағытталған жобаның бір тармағы – инвестиция тарту екендігі даусыз. Себебі, инвестиция – белгілі бір инвестордың жобасын жүзеге асырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру, бюджет пен өнімді арттыру сынды тұрғыдан да тиімді. Осы ретте, Әулиеата өңірінде де инвестиция көлемі артып, облыс халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң ықпалын тигізіп келе жатыр екен. Сондықтан бүгінгі мақаламызды осы тақырыпқа арнағалы отырмыз.


Естеріңізде болса, 2022 жыл бастала салып Үкімет басшысы тарихы терең Таразға барып, жергілікті атқарушы органдарға облысты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыту, әлеуметтік санаттағы жобаларды іске асыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, автокөлік жолдарын жақсарту және жаңадан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру сынды тапсырмаларды жүктеген.


Тиісінше, осы тапсырманың ізін ала облыс әкімінің басшылық жасауымен инвестиция тарту мақсатында құрылған штабтың жиыны өткізіліп, басқосуда кәсіпкерлер пәндік кабинеттерді заманталабына сай жабдықтау, кітапхананы электронды форматқа өткізу, заман талабына сай құрылыс заттарымен қаржылық және көпшілік нысандарды салу сынды инвестициялық жобаларды ұсынған болатын. Жалпы, сол жиында құны 1 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын алпыстан астам жоба ұсынылған.


Осылайша 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция құны 311,7 миллиард теңгеге жетіп, жалпы құны 2 триллион теңгеге жететін жетпіс бес инвестициялық жоба топтастырылған.


Сәйкесінше, аталған жобалар жоспарға сәйкес іс асырылып келеді. Мәселен, биылғы жылдың басында «Алел Агро» деп аталатын акционерлік қоғам өңірде ет саласы бойынша құс өнімдері шаруашылығын дамытатын жобаны бастап кеткен болатын. Бұл фабрикада жылына елу мың тоннаға жуық құс өнімдері өндіріледі деп жоспарланып, құсқа қажетті жем шығаратын зауыт та салынған.


Сондай-ақ, жыл басында өңір әкімдігі биыл ауылшаруашылығы саласына тартылатын инвестициялар көлемін 55,2 миллиард, ал тамақ өнеркәсібіне тартылатын инвестициялар көлемін 4,4 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделгенін хабарлаған еді. Осылайша, 2023 жылы Әулиата өңірінде құны жүз миллиард теңгеден асатын оннан астам жобаны іске қосып, сегіз жүзге жуық жаңа жұмыс орнын жасақтауды жоспарлаған.


Осы ретте облысқа қарасты аудандарда да инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатқанын айта кету керек. Мәселен, Меркі ауданында 2025 жылға дейін құны 22 миллиард теңгеден асатын жүзден аса жобаны қолға алып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру межеленген. Ал, Мойынқұм ауданында биылдың өзінде алты бірдей инвестициялық жоспард іске қосып, осы арқылы сегіз жүзден астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Одан бөлек, Т.Рысқұлов ауданында алдағы үш жылда құны алпыс бір миллиард теңгеден асатын жүз алпыстын аса жобаны іске қосу межеленген.


Сондай-ақ, жыл басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жаңажобалардың таныстырылғанынан хабардар етті. Мысалы, «MERAGRO» деп аталатын серіктестік құрама жем шағаратын зауыт, сүт бағытындағы өнімдер фермасы, балық шығаратын кәсіпорын сынды жобаларын ұсынған. Ал, «Далиев» компаниясы «Май өндіретін шағын зауыт» жобасымен таныстырса, одан бөлек, кәсіпкерлер тарапынан күйдірілген санаттағы кірпіш шығару, балмұздақ өндіру секілді жобаларын ортаға салып, өз кезегінде облыс әкімі кәсіпкерлерді қолдайтынын және кедергілерді жоюға жәрдем беретінін айтқан.


Сонымен қатар, сәуір айында инвестициялық штабтың кезекті жиыны өтіп, Байзақ өңірінде биыл құны 11 миллиард теңгеге жобаларды, ал Мойынқұм ауданында қуаттылығы бір гигаватты құрайтын жел электр станциясы жобасын іске асыру жоспарланғаны айтылған.


Ал, Жамбыл өңңірінің инвестициялық жағдайын көтеруге арналған биылғы жылдың ең басты қадамы – «Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» халықаралық форумы болды. Сәуір айының соңында өткен бұл басқосуда жапондық технологиямен жөргек өндіру жобасы ұсынылып, құрама жем өндіретін зааводты іске қосу секілді бірқатар іс-шаралар атқарылды. Сонымен бірге, өңір басшысы бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып, форум инвестициялық жобаларды іске асыру және кәсіпкерлердің бастамаларын жаңа мүмкіндіктер қарастыру мақсатында өтккізіліп жатқанын жеткізді. Одан бөлек, облыс әкімдігі инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, түрлі қолдау іс-шаралары орындалып жатқанын айтты. Оған қоса, форум барысында жылдың алғашқы тоқсанының өзінде инвестиция көлемі 70 миллиард теңгеге жуықтап, көрсеткіш үш пайызға өскені мәлім болды.


Осылайша, форум өз мақсатына жетіп, шетелдік инвесторлармен жалпы құны жеті жүз миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар бойынша меморандум түзілді. Олардың тізімінде Германия, Сингапур, Венгрия сынды елдердің өкілдері бар. Алдағы уақытта шетелдік инвесторлар Жамбыл облысы аумағында цемент, құрылыс жабдықтарын, күн энергиясын және тамақ өндіру жобаларын жүзеге асырып, индустриялық парк құрмақ.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – қараша айында өңір басшысының тапсырмасымен аудан әкімдерінің орынбасарлары өңірге тартылатын инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді іске асыру бойынша тәжірибе жинақтады. Тиісінше, олар инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсету, кәсіпкерлік жобаларын түзу, аудандардың инвестициялық деңгейіне баға беру сынды дағдыларды дамытты. Тиісінше, алдағы уақытта облысқа қарасты он ауданның инвестициялық картасы әзірленіп, өз кезегінде бұл жүйе инвесторлар тартуға оң ықпалын тигізеді деп жоспарланып отыр.


Сондай-ақ, бірер күн бұрын ғана «KGIR-2023» деп аталатын жиын барысында өңір басшысы құны 80 миллион АҚШ долларынан асып түсетін келісімшарттарға қол қойды. Ақпаратқа сүйенсек, ендігі кезекте Жамбыл облысында швейцариялық, арабиялық және түркиялық компаниялар инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Сәйкесінше, жобалар аясында бірнеше мың жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.


Жалпы, Бүгінгі таңда Жамбыл облысына инвестиция тарту шаралары мықтап қолға алынған. Соның ішінде, аудан басшыларының кәсіпкерлермен байланысын нығайту, салымшыларды табу және тартудың тиімді тәсілдерін қарастыру, жобаларды жүзеге асыру барысында қолдау жасау сынды бағыттарға басымдық берілген. Сонымен бірге кәсіпкерлік саласының өркендеуіне ықпал ету мақсатында ауқымды жобаларға жақын аумақтардан арнайы аймақтар құру жұмыстары да қолға алынған.