Ұшқыштың арқасында аман қалдық – Өскемен-Ақсуат ұшақ апаты

0
1 095

Жалпы, елімізде осы АН-2 типіндегі 313 ұшақ бар.


Ұшқыштың арқасында аман қалдық – Өскемен-Ақсуат ұшақ апаты

ERNUR.KZ. Өскемен әуежайының маңында ұшақ апатқа ұшырады, деп жазады ktk.kz.

Ақсуат ауылына бағыт алған санитарлық авиацияның Ан-2 ұшағының қозғалтқышынан ақау шығып, ұшқыш шұғыл түрде әуежай маңына қоныпты. Бірақ әуе кемесі жазық жерге апатты жағдайда қонып, аударылған. Сөйтіп қозғалтқышы отқа ораныпты. Борттағы үш экипаж мүшесі мен екі медицина қызметкері аман қалды. Қазір арнайы құрылған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр.

Алдымен иен далада қызыл жалынға оранып, қою қара түтіні будақтаған ұшақтың түрлі видеолары әлеуметтік желіге тарала бастады. Ұшақ құлағаннан кейінгі алғашқы кадрлерді жол бойындағы жүргізушілер түсірген. Түскі бірде Өскеменнен Ақсуатқа бағыт алған санитарлық авиацианың Ан-2 ұшағы діттеген жеріне жете алмады. Әуе кемесі көкке көтерілген соң, қозғалтқышынан ақау шығып, ұшқыш шұғыл түрде қонуға бел буыпты. Бірақ АН-2 әуежай маңындағы жазық жерге сәтсіз қонып, аударылған. Кейін отқа ораныпты. Ал борт ішінде болған үш экипаж мүшесі мен екі медицина қызметкері дереу ауруханаға жеткізілді. Барлығы дін-аман.

"Ауыр жарақат алғандар жоқ. Бес адамға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Төртеуі тексерілгеннен кейін үйіне жібрілсе, біреу ауруханаға жатқызылды. Оның бұғана сүйегі зақымданған" - дейді Өскемен қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Юрий Старокозов.

Ұшақ ішінде болған санитарлық авиация бөлімінің басшысы Рафаэл Халитов ұшқыштың арқасында аман қалғанын айтады. Өйткені ол ауылдың үстіне құламау үшін әуе кемесін жазық далаға қарай барынша бағыттапты. Бірақ шасси қалың қарға батып, ұшақ аударылған екен.

"10 минуттай қалыпты жағдайда ұштық. Содан кейін қозғалтқыштан ақау шықты. Ұшақтың сәтті қонуына қалың қар бөгет болды. Аударылар кезде барлығымыз қауіпсіздік белдігін тақтық. Сосын есіктен шығып, қауіпсіз аймаққа жүгірдік" - дейді санитарлық авиация бөлімінің басшысы Рафаэль Халитов

Қазір апат аумағы қоршауға алынды. Бұл маңға құтқарушылар мен құзырлы орган өкілдері жұмылдырылған. Ал Ан-2-нің күл-талқаны шығып, тек темір қаңқасы қалды. Мамандар апаттың себебін анықтауға кірісіп кетті.

"Бұл ұшақ соңғы сертификаттауды 2018 жылы өткен. Біз бұл оқиға бойынша ешқандай тергеу шараларын жүргізбейміз. Бірақ Қазақстан авиация әкімшілігіне арнайы ұйым оқиғаның неден, қалай болғандығы жөнінде қорытынды беретін болады. Нәтижесін 10-14 күн шамасында біле аламыз" - дейді «Қазақстан авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры Питер Гриффитс.

Оқыс оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары да басталды. Айта кетейік, апатты жағдайда қонған ұшақ 2008 жылдан бері қолданыста екен. Әуе кемесі «Орлан 2000» компаниясына тиесілі. Жалпы, елімізде осы АН-2 типіндегі 313 ұшақ бар.