WhatsApp-та тараған жаңа фейк қазақстандықтарды әбігерге салды

0
751

Мұндай хабарламалар мессенджерде 2023 жылдың қыркүйегінде тарай бастаған.


WhatsApp-та тараған жаңа фейк қазақстандықтарды әбігерге салды

ERNUR.KZ. Соңғы аптада қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде "телефонды 10 секундта бұзып жіберуі мүмкін" файл туралы ескертетін ақпаратты таратып жатыр. Дегенмен бұл фейк, деп жазады zakon.kz.

23 қарашада StopFake.kz хабарлағандай, мұндай хабарламалар мессенджерде 2023 жылдың қыркүйегінде тарай бастаған. Алдымен бұл вирустық хабарламада Seismic Waves Card деп аталатын файлда Мароккодағы жер сілкінісінің фотосуреттері бар деп жазылды. Содан кейін мәтін сәл өзгертілді, енді "сізге еврей елді мекендеріндегі шайқастардың суреттері келеді" деп ескертеді. Қалған бөлігінде, хабарламалар бірдей.

"Seismic Waves Card" деп Google-дан іздегенде осы хабарламаны теріске шығаратын ақпарат көп шығады. Мұндай зиянды бағдарламаның бар екенін немесе телефонды бұзу жағдайларының болғанына нақты дәлелдер көрсетілмеген, - деп жазады StopFake.kz.

Бұл хабарлама дүрбелең тудыруға бағытталған және классикалық фейк жаңалыққа сәйкес келеді. Tech Arp компаниясы бұл хабарлама ойдан шығарылған деп мәлімдеді. Олардың есебіне сәйкес, "Seismic Waves Card" зиянды хабарламасы туралы ақпарат – бұл интернеттегі мистификация.

Шындығында, WhatsApp-қа жіберілген фотосуреттер телефонды бұза алмайды. WhatsApp-та алаяқтық әрекеттердің көбі әдетте пайдаланушыларды сілтемелер арқылы Интернеттегі үшінші тарап веб-сайттарына тартуға негізделген. Онда файлдарды жүктеу немесе тіркелу үшін деректерді енгізу сұралады.

WhatsApp қосымшасында фотосуреттерді жіберу және алу қауіпсіз болып саналады, өйткені суреттер арқылы вирустар таратудың тиімді және әсерлі әдістері жоқ. Tech Arp мақаласында цифрлық стеганография деп аталатын әдіс арқылы фотосуретке код енгізу теориялық тұрғыдан мүмкін екенін түсіндіреді. Бірақ бұл өте көп еңбекті қажет етеді, тиімсіз және өз бетінше орындалатын толыққанды зиянды бағдарламаны жасауға әкелмейді.

"Ары кетсе, бұл әдісті зиянды бағдарламаны антивирустық сканерлерден жасыру үшін қолдануға болады, бірақ ол смартфонды өздігінен бұза алмайды", — делінген Tech Arp мақаласында.

Осылайша, "Seismic Waves Card" деп аталатын файл туралы тараған ақпаратқа сенбеген жөн.