Жабылған банктердегі ақшаны алуға өтініш беру 2022 жылдың 1 мамырында аяқталады

0
1 211

​Бұл "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Астана Банкі" АҚ, "Tengri Bank" АҚ және "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшыларына қатысты.


Жабылған банктердегі ақшаны алуға өтініш беру 2022 жылдың 1 мамырында аяқталады

ERNUR.KZ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Астана Банкі" АҚ, "Tengri Bank" АҚ және "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш қабылдау 2022 жылдың 1 мамырында аяқталатындығын хабарлады, деп жазды inbusiness.kz.

"Қазіргі уақытта қор және агент банктер жоғарыда аталған банктердің салымшыларына кепілдік берілген жалпы өтем сомасының 98%-ын төледі. Аталмыш банктердің 146 мыңнан астам салымшысына төленген қаржының көлемі 146 млрд теңгеден асты. Бұл ретте өтем сомасының бір бөлігі әлі де талап етілмеген. Өйткені өтініш бермеген салымшылардың көпшілігінің депозиттері / шоттары / төлем карточкаларындағы қалдық ақшалары 1 000 теңгеге жетпейді. Оларды алу үшін салымшыларға агент банктерге келу міндет емес. Өтінішті Қорға төлемдердің электрондық порталы арқылы (https://clients.kdif.kz/) онлайн түрінде тәулік бойғы режімде беруге болады. Бұл ретте кепілдік берілген өтем сомасы өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде салымшының өтінішінде көрсетілген қолданыстағы банк шотына аударылады", – деп жазылған хабарламада.

Мұндай тәсіл тек шоттардың, төлем карточкаларының және салымдардың иелеріне ғана қолжетімді. Ал дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын салымшылар, сондай-ақ олардың заңды өкілдері, мұрагерлері және басқа да құқық иеленушілер кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банктерге жазбаша өтінішпен жүгіне алады.

"Агент банктердің қандай бөлімшелері кепілдік берілген өтемді төлеуді жүзеге асыратындығы туралы ақпаратты агент банктердің сайттарынан оқып білуге болады", – деп түсіндірді Қор мамандары.

Қор ескертеді, таратылатын банктердің салымшылары 2022 жылдың 1 мамырына дейін талап етпеген өтем сомалары олардың "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-та (БЖЗҚ) ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады.

"Егер БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйесінде жеке тұлғаның ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоты ашылған болса, талап етілмеген өтем сомасы осы шотқа аударылады. Егер мұндай шот жоқ болса, онда ол автоматты түрде ашылады. Яғни кепілдік берілген депозиттер бойынша талап етілмеген өтем сомаларының Қордан БЖЗҚ-ға келіп түсуі шотты ашуға негіз болады", – деп түсіндірді БЖЗҚ мамандары.

Бұл ретте төлемдер жасалған салымшының жеке тұлғасы ерікті зейнетақы жарнасын аудару барысында төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректері бойынша айқындалады.

Төлем мерзімі ішінде қандай да бір дәлелді себептермен өтем алуға өтініш беріп үлгермегендер үшін, олардың ішінде ақшасы БЖЗҚ-ға аударылып кеткен салымшылар үшін Қорға растаушы құжаттармен бірге жазбаша өтініш беру арқылы кепілдік берілген өтемді алу құқығы сақталады.

Дәлелді себептердің тізімі "Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы" ҚР Заңында көзделген.

Мұндай өтініш қорға банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы алу құқығы туындаған сәтке дейін беріледі.