Жақсыбек Күлекеев Halyk Bank-тің тәуелсіз директоры болып тағайындалды

0
669

Мәжит Есенбаев Halyk банктің директорлар кеңесінен шығарылып, оның орнына жаңа екі мүше сайланды.


Жақсыбек Күлекеев Halyk Bank-тің тәуелсіз директоры болып тағайындалды

ERNUR.KZ. Дүйсенбі, 4 желтоқсанда Halyk Bank 1 желтоқсанда өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған бірнеше шешімдер туралы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

1 желтоқсаннан бастап директорлар кеңесінің мүшесі Мәжит Есенбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Анықталғандай, Есенбаев бұл мәселеде өз бастамасын көрсетіп, жазбаша хабарлама берген. Банктің директорлар кеңесінде ол – "Алмэкс" холдингтік тобының акционерінің атынан шықты. Топтың өзінде Есенбаев 2014 жылдан бері басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарып келеді.

Айта кетсек, Есенбаевтың орнына Жомарт Нұрабаев сайланды. Ол қаржы институтының директорлар кеңесінде "Алмэкс" Холдингтік тобының атынан қатысады. Нұрабаев ұзақ жылдар бойы "Алмэкс"-те жұмыс істейді. Соның ішінде, 2005-2007 жылдары қаржы директоры, 2007-2012 жылдары – төрағаның орынбасары, 2012-2014 жылдары – басқарма төрағасы, ал 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін холдингтік топтың Басқарма төрағасының орынбасары жұмыстарын атқарады.

Сонымен қатар, Halyk Bank акционерлерінің жалпы жиналысына қатысушылар банктің директорлар кеңесі мүшелерінің санын жетіден сегізге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Тәуелсіз директор болып Жақсыбек Күлекеев сайланды.

Күлекеев осы жылдар ішінде жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы (1997-1999), Экономика министрі (1999-2000), Экономика және сауда министрі (2000-2002) болды.

Сондай-ақ, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы (2002-2003), Білім және ғылым министрі (2003-2004) лауазымдарында болды.

Бұдан бөлек, 2006-2007 жылдары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті, және 2007-2008 жылдары "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарды.

Қазіргі уақытта, ол қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) ғылыми директоры болып табылады. Ал 2023 жылдың қазан айынан бастап заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның мүшесі. Мұнымен қоса, 2023 жылдың маусымында Жақсыбек Күлекеев тәуелсіз директор ретінде "КазАзот" директорлар кеңесіне қосылды.