Жамбыл облысында банк қызметкері алаяқтық жолмен салымшыларға 75 млн теңге шығын келтірген

0
1 313

Ол 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Жамбыл облысында банк қызметкері алаяқтық жолмен салымшыларға 75 млн теңге шығын келтірген

ERNUR.KZ. Меркі ауданында Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны банк салымшыларының бірінің ақшасын алаяқтық жолмен иемденген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әйел банкте бөлімше директоры болып жұмыс істеген және клиенттердің жинағы туралы мәліметке ие болған.

2016 жылы банкте бөлімше директоры боп қызмет атқарып жүрген кезінде салымшы әйелдің сеніміне кіріп, қор биржасында ақша табу сылтауымен 100 000 доллар ақшасын алған. Бір айдан кейін әлгі әйелге тағы да хабарласып, 30 000 доллар сомасын алды. Өзіне сенген әйелдің банктегі шотында қаражат қалмағанын түсінген алаяқ сол кезде жәбірленушінің анасының шотындағы жиналған 27 000 000 теңгені шешіп алуды ұсынады. Ол алынған соманы көбейтіп қайтаруға уәде берген.

Мұнымен тоқтап қалмай, алаяқ банк салымшысы болған жергілікті кәсіпкердің сеніміне кіріп, дағдылы әдетімен оның 3 500 000 теңге сомасындағы ақшасын иемденген, алған ақшаны жақын арада пайызымен қайтаруға уәде береді. Әрбір әрекетін тек түбіртекпен істеп отырған. Әйел ақшаның бизнесменнің шотында тұрғанына сендіреді. Алайда, күмәнсіз жүре берген ер адам екі аптадан кейін банкке барып, шотында ақша жоғына көз жеткізген.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша тіркелді. Алаяқтың іс-қимылы толық ашылып, күдіктінің кінәсі дәлелденді.

Сот үкімімен әйелге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және қаржы ұйымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларға байланысты лауазымдар атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалды.