Жамбыл облысында жол апатынан төрт адам көз жұмды

0
654

Түрлі жарақат алған тағы бір жолаушы Қордай ауылының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.


Жамбыл облысында жол апатынан төрт адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тасжолда адам өліміне әкеп соққан жол апаты болды, деп жазады inform.kz.

Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қыркүйекте Алматы-Ташкент республикалық маңызы бар автожолдың 219-шақырымында жол-көлік оқиғасы болған.

«Күндіз шамамен 14:30-да «Volkswagen Passat» маркалы автокөліктің 26 жастағы жүргізушісі Қордай ауылы жағынан Әлжан Ана ауылына қарай келе жатқан. Автокөлікте төрт жолаушы болған. Рөлді басқара алмай қалған жүргізуші көлікті аударып жіберген, содан кейін автомобиль инерциямен ағашқа соғылған. Жол апаты салдарынан «Volkswagen Passat» көлігінің 26 жастағы жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Түрлі жарақат алған тағы бір жолаушы Қордай ауылының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Бұған дейін хабарлағандай, 9 қыркүйек күні Mercedes Benz автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі Сейфуллин көшесімен үлкен жылдамдықпен келе жатып, 29 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Volkswagen Golf көлігінің артқы жағына соғылған . Қатты соққыдан Volkswagen Golf өртене бастаған. Салдарынан Volkswagen Golf автокөлігінде болған 21 жастағы жолаушы қыз өртте қаза болды. Осы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен Шу қаласының орталық ауруханасына жеткізілді.