Жаңаөзенде төрт жасар баланы ит талап тастады

0
1 220

Баланың жағдайы жарақатына байланысты орташа ауыр.


Жаңаөзенде төрт жасар баланы ит талап тастады

ERNUR.KZ. Жаңаөзен қаласында төрт жасар баланы ит талап тастады, деп жазады stan.kz.

Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Балақайдың жырылған жерлері тігіліп, жағдайы орташа дейді дәрігерлер.

“Баланың жағдайы жарақатына байланысты орташа ауыр. Оң жақ көз айналысында, оң жақ бет ауыз айналысында тігілген жаралары бар. Алғашқы көмек Жаңаөзен қаласында көрсетілген. Негізгі емдеуі сметавакцина салынып, сосын бет, қол, аяқ саусақтары жарақаттанған кезде, ит тістеген сәтте иммуноглобулин салынады”, – деді Маңғыстау облысы балалар ауруханасының дәрігері Манасбай Иниятов.

Итке таланған бала ауруханада әлі бір апта жатады. Одан кейін амбулаторлық емдеуге жіберіледі дейді дәрігерлер. Қаңғыбас иттен жұқпалы дерт жұқпас үшін бір ай бойы арнайы дәрі қабылдауы тиіс.

Осы жағдайдан кейін Жаңаөзен тұрғындары жаппай наразылыққа шықты. Плакат ұстап әкімдік алдына жиналған халық қаңғыбас иттердің көзін жоюды талап етуде.

“Балаларды талау басталды деп айтуға болады. Қой баққан қойшыдай қалада жүргендер қолына таяқ ұстап жүр. Қалада ерсі көрініс. Балалар өз ауласы түгілі, көшеде жүруді, одан қалды мектепке барудан қалып отыр. Ит атуға болмайды деген заңды шығарып отырған үлкен басшылар, біз, Жаңаөзен халқы, еріктілері бар, жай халқы бар, өзіміз қолымызға мылтық алып, ит атуға шығамыз”, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Амангүл Жұмағазиева.

Жаңаөзендіктер "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңның күшін жоюды талап етуде. Өйткені соның кесірінен қалада қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Соның салдарынан ата-аналар баламызды мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз дейді.

“2022 жылдың қортындысы бойынша 1115 ит ауланған болса, бүгінде 1181 ит ауладық. Бұл шараның барлығы жануаралрға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Яғни, адамның қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда ғана тұрғындардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Панажай мәселесі бойынша 2022 жылы Жаңаөзен қаласының кәсіпкеріне бір гектар жер бөлдік”, – деді Жаңаөзен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Расул Әбішев.