Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қайталама сараптама тағайындалды

0
403

Әлеуметтік желіде Жаңаөзендегі көпқабатты үйдегі жарылыс дерегі бойынша сараптама қорытындысының жалғандығы туралы ақпарат тарап жатыр.


Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қайталама сараптама тағайындалды

ERNUR.KZ. Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша жүргізілген сараптама қорытындысы тұрғындардың наразылығын тудырғандықтан қайта сараптама тағайындалды, деп жазады tengrinews.kz.

Әлеуметтік желіде Жаңаөзендегі көпқабатты үйдегі жарылыс дерегі бойынша сараптама қорытындысының жалғандығы туралы ақпарат тарап жатыр. Облыстық ТЖД таралып жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, жарылғыш затқа қайталама сараптама тағайындалғанын мәлімдеді.

"Оқиға болған күннен бастап 40 күн өткеннен кейін сарапшылар жалған үкім шығарды. Онда екінші подъезд тұрғындары газды өшірмеген болуы мүмкін делінген. Үйдің толық опырылуы аталған жайттан болуы мүмкін емес. Мұның өтірік екенін сол 51-үйдің тұрғындары дәлелдей алады. Халықаралық сарапшыларды тарта отырып, қайта тергеу жүргізуді талап етеміз", - делінген Lada.kz таратқан хабарламада.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Қылмыстық істі тергеу аясында бұрын кешенді жарылғыш сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша зардап шеккен тараптың өкілдері келіспейтіндігін білдірді. Осыған байланысты, қайталама сараптама тағайындау туралы шешім қабылданды. Зардап шеккен тарап өкілдерінің уәждері тыңдалады. Сонымен бірге, жүргізіліп жатқан жарылыс сараптамасы зерттеудің бірнеше кезеңінен, әртүрлі зертханалық, ғылыми-техникалық зерттеулер кешенінен тұратынын хабарлаймыз", - деді Төтенше жағдайлар департаменті.

Басқа мәліметтер, департаментте айтылғандай, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.