Жапон инвесторлары Арыстағы зардап шеккендерге көмектеспек

0
853

"Жапониядағы атом электр станциясындағы апат кезінде Қазақстан біздің халқымызға өлшеусіз көмек, қолдау көрсеткенін ұмытқан жоқпыз", -дейді жапон инвесторы.


Жапон инвесторлары Арыстағы зардап шеккендерге көмектеспек

ERNUR.KZ. Жапон инвесторлары Арыстағы зардап шеккендерге көмектесуге тілек білдіріп отыр. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуде жапон компаниясының өкілі осылай мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

"Түркістан облысындағы қайғылы оқиға туралы бәріміз де хабардармыз. 40 мыңнан астам зардап шеккендер бүгінде үйіне орала алмай отыр. Жапониядағы атом электр станциясындағы апат кезінде Қазақстан біздің халқымызға өлшеусіз көмек, қолдау көрсетті. Біз оны ұмытқан жоқпыз, сондықтан зардап шеккендерге қолымыздан келгенше көмектесуге деген ниеттеміз",-деді «Tokyo Rope Almaty» ЖШС-нің бас директоры Такеяма Тошио.

Өңір басшылығымен кездесу кезінде жапон инвесторлары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Күншығыс елінің бизнес - компанияларының Атырау өңіріне қызығушылық танытуының себебі - Қазақстанның мұнай-газ саласындағы неғұрлым ірі жобалары осында шоғырланған. Өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу үшін Атырауға «Metal One Corporation», «Metal One Steel Products Corporation» және басқа да компаниялардың басшылығы келді.

Әлем бойынша болат өнімдерін өңдеумен шұғылданатын 160 жапондық және шетелдік компанияларымен жұмыс жасайтын «Metal One Corporation» компаниясы болат дистрибьюциясы саласындағы көшбасшы болып табылады.

«MetalOneSteelProductsCorporation» жалпыұлттық көлемде сым шыбықтарын, арнайы болат және тот баспайтын болат шығарумен айналысады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев инвесторларды өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Елбасының, Президенттің ел экономикасына инвестициялар тартуға зор маңыз беріп отырғанын атап өтті.

«Біз тиімді қарым-қатынас үшін қажетті барлық жағдайды жасаймыз, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор»,-деп атап өтті өңір басшысы.

Жапондық инвесторлар өнім өндіретін өз зауытын салуды жоспарлап отыр. Жұмыс сапары кезінде олар болашақ құрылыстың алаңшасын қарайды. Сондай-ақ, индустриалдық мұнай химиясы технопаркінің жұмысымен танысады.