Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан қаза болғандардың саны артты

0
830

​Соңғы үш күнде жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың жағдайы нашарлап, жан тапсырды.


Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан қаза болғандардың саны артты

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі бүлік кезінде қанша адам медициналық көмекке жүгінгенін айтты, деп жазады sputnik.kz.

Министрдің мәліметінше, жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 2 739 адам медициналық көмекке жүгінген. Бүгінде 200 науқас стационарда емделіп жатыр.

Жансақтау бөлімшелерінде ауыр хәлде 14 пациент жатыр. Олардың төртеуі Алматыда, Алматы облысында біреу, Қызылорда облысында бес адам.

"177 пациент медицина ұйымдарында қайтыс болды. Соңғы үш күнде жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың жағдайы нашарлап, олар жан тапсырды", - деді Ғиният брифингте.

Сонымен қатар, оның айтуынша, митингке қатысқан бір жүкті әйел зардап шегіп, Талғар аудандық ауруанасына жеткізілген.

"Қазір жағдайы тұрақты, дәрігерлер аман алып қалды", - деді министр.

Сондай-ақ ол тәртіпсіздіктер кезінде Алматыда 5 және 12 жастағы екі бала көз жұмғанын мәлімдеді.

Бұған дейін жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 225 адам қаза тапқаны, оның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмғаны хабарланған болатын.