Жарты жылда 7 мыңға жуық адам онкологиялық дерттен көз жұмды

0
463

Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артқан.


Жарты жылда 7 мыңға жуық адам онкологиялық дерттен көз жұмды

ERNUR.KZ. Елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып барады. Биыл жарты жылдың ішінде Қазақстанда 7 мыңға жуық адам қатерлі ісіктен қайтыс болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қазір елімізде сырқатты ерте анықтауға мүмкіндік бар дейді мамандар.

Елорда тұрғыны Қуандық Ахметовтың қатерлі ісікпен күресіп келе жатқанына 6 жыл болды. Көмейдегі рактың кесірінен күлу түгілі көп сөйлеуге болмайды. Дәрігерлер тыйым салған. Қазір тамағына – трахеостома, яғни, арнайы түтік орнатылған. Осы күнге дейін ер азамат 11 операция және 34 сәулелік терапиядан өткен. Бұл құрылғысыз Қуандық Ахметов дем ала алмайды.

Қатерлі ісік – бұл тек егде жаста кездесетін ауру емес. Гарвард медицина мектебі ғалымдарының зерттеулеріне сай - онкология 50 жасқа толмаған адамдарда жиі кездеседі. Биыл жарты жыл ішінде Қазақстанда 7 мыңға жуық адам обырдан қайтыс болған. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде онкология өсімі бар, бірақ дәрігерлер аурушаңдық деңгейі сол қалпында, тек оны анықтау сапасы жақсарғандығын айтады.

Мәселен, ядролық медицина орталығында өндірілетін радиофармпрепараттардың көмегімен зерттеулердің санын 2 есеге дейін арттыруға болады.

«Қатерлі жағы өте минималды. Яғни бұл қалыптасқан организмге жасы 16-дан асқан адамдарға ешқандай қауіпті әсері жоқ деп есептелінеді. Өте аз дозада беріледі. Біз тек пациенттерге исследованиеден кейін 16 жасқа дейінгі балалар мен емізулі аналармен контактке түспеуге, яғни қасына жақындамауға, сөйлеспеуге ұсыныс береміз», - дейді Ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев.

Жалпы ядролық медицина орталығы қазақстандықтарды қараша айынан бастап қабылдауды жоспарлап отыр. Диагностиканы кез келген отандасымыз міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында жасата алады.