​«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жалғасып жатыр

0
2 818

Жан-жақты қамтылған және 4 жылға арналған ұлттық жоба еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге тікелей бағытталған.


​«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жалғасып жатыр

Экология, табиғатты қорғау мен айнала қоршаған ортаны сақтау мәселесі қай кезде де өзекті. Әлем елдерінің маңызды проблемасына айналған экологиялық жағдайлар барған сайын өзекті бола да түспек.

Бұл ретте елімізде мәселе дер кезінде көтеріліп, назар аударылуда десек қателеспейміз. Себебі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен бекітілген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілген болатын.

Аты да айтып тұрғандай, жан-жақты қамтылған және 4 жылға арналған ұлттық жоба еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге тікелей бағытталған.

«Ұлттық жобаны әзірлеу мақсаты - халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың экологиялық санасын жаңғырту», - делінген жобаның төлқұжатында.


Ұлттық жобаның 4 негізгі бағыты - «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» бойынша алынып, 11 міндет пен 19 көрсеткіш және 48 іс-шара нақты жүктелді.

Осы орайда «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бекітілген сәтінен бастап күні бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылғанын білу және оқырманға таныстыру мақсатында Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сауалдар жолдаған болатынбыз.

Аталған министрліктің жауабына сәйкес, елімізде біршама шаруалар атқарылып, әлі де жасалатын жұмыстар бар екендігін көрсетті.


Бір табиғи парк құрылып, екіншісі дайындық үстінде

Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің мәсіметінше, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен бекітілген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №867 қаулысымен Ұлытау облысында алаңы 58,9 мың гектарды құрайтын «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды.

«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің дұмысы жолға қойылып, белсенді жұмыс атқарылып жатқанын өңір жаңалықтары мен ресми парақшаларынан аңғаруға болады.

Бұдан басқа, Жамбыл облысында «Мерке» өңірлік табиғи паркін құру жоспарланған, қазіргі уақытта жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы әзірленіп, жобаға қоғамдық тыңдаулар өткізілді, экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Облыс әкімінің қаулысымен құруға жоспарланып отырған жер учаскесі резервке қойылды. Жерге орналастыру жобасымен Техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы әзірленді, қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қазіргі уақытта Техникалық-экономикалық негіздемесін мүдделі мекемелермен келісімдеу бойынша жұмыстар атқарылуда екендігін мәлімдеді Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.


Жасыл екпелер алаңы ұлғаюда


«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шеңберіндегі міндеттердің бірі – елімізде жасыл екпелер алаңының көлемін ұлғайту. Біздің еліміз биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне, шөлейттенуге және жердің деградациясына қарсы күрес бойынша өзіне алған халықаралық міндеттемелерді орындауға мүдделі.

Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында республика аумағындағы ормандарды ұлғайту мақсатында 2021 жылдан 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қорында 850 мың га алқапқа (2 млрд данадан астам көшет) отырғызу жоспарланған болатын.

Ағаштарды отырғызу үшін облыс әкімдіктерімен ормандарды қалпына келтіру және ормандарды молықтыру жөніндегі кешенді жоспарлар бекітіліп, ЭТРМ-мен келісілді.

2021-2025 жылдары облыс әкімдіктерімен, табиғатты қорғау мекемелерімен, ЭТРМ ұйымдарымен, кәсіпорындармен және табиғат пайдаланушыларымен 852 952,2 га алаңда 2 млрд ағаш дақылдарын отырғызу, тұқым себу жоспарланған:

2021 жылы – 61 785 га, 130 млн дана ағаш;

2022 жылы – 111 499,4 га, 278 млн дана ағаш;

2023 жылы – 188 834,7 га, 409 млн дана ағаш;

2024 жылы – 234 983,3 га, 555 млн дана ағаш;

2025 жыл – 258 922,2 га, 628 млн дана ағаш.

Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта 246 мың гектардан астам алқапқа 529 млн дана көшет отырғызылды, сондай-ақ еліміздің қалалары мен елді мекендерінде көшет отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр (2025 жылға дейін 15 млн көшет егілуі тиіс).

Сондай-ақ, Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған аумағында ауданы 1,1 млн гектар сексеуіл және галофитті екпелер егу бойынша жұмыстар жүргізілуде екендігін хабарлады Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.


Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар саның ұлғайту қолға алынған

Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау және қалпына келтіру мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйымдар мен мекемелер, жергілікті атқарушы органдар тұрақты түрде күзет және бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Бұл да «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасындағы маңызды міндеттердің бірі болатын.

Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі келтірген ақпаратқа сәйкес, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» – жабайы жануарларды қорғау қызметі құрылып, қызметтік қарумен, байланыс құралдарымен, қазіргі заманғы автомобиль техникасымен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

2005 жылы тоғай бұғысының саны – 350 бас, қарақұйрық саны – 12 500 бас, құлан саны – 1 112 бас, арқар саны – 8 835 бас болса, 2022 жылы тоғай бұғысының саны – 1 052 басты (30 % өсім), қарақұйрық саны – 15 089 (20,7% өсім), құлан саны – 4 413 (396,8% өсім), арқар саны – 19 730 (223,3% өсім) басты құрапты.

Сондай-ақ, «Охотзоопром» кәсіпорны өзіне бекітілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда құстарды қорғау, есепке алу және бақылау іс-шараларын жүзеге асыратын көрінеді.

Дуадақ популяциясын сақтау және оны табиғи ортасына жіберу мақсатында 2008 жылы БАӘ Абу-Даби экология агенттігімен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арасында келісімшарт жасалған.


Аталған келісімшарт аясында жыл сайын Қазақстан табиғатына питомникте өсірілген дуадақтар жіберіледі. 2009-2023 жылдар аралығында 57 406 дуадақ өсіріліп, табиғи ортасына жіберілген. Бұл туралы да Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі ақпарат ұсынды.

Жануарлар дүниесінің биоалуантүрлігін сақтау – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қызметінің басым бағыттарының бірі.

Табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биоалуантүрлікті сақтау бойынша Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің берген ақпаратына сүйенсек, мұнда да біршама істер қолға алыныпты.

Табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әр түрлікті сақтау бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» ұйымдастырылып тұрады. Бұдан бөлек Министрлікке бағынысты барлық ұйымдар мен мекемелермен биоалуантүрлікті сақтау бойынша әлеуметтік желілер мен ақпарат агенттіктері арқылы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді аталмыш министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, бұл "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасының өңірлерде атқарылуы туралы аз бөлшегі ғана. Көлемді жобаның көлемді ісі өзге де мақалалар мен жаңалықтарда көрініс табуда.

ERNUR.KZ