Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 397 нысан сатылды

0
1 239

Биыл 265 нысанды өткізу көзделген, оның ішінде І тоқсанда — 40 нысан. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, тоқсан қорытындысы бойынша 45 нысан сатылымға шығарылып, олардың ішінен 19 млрд теңге сомасына 20-сы сатылды. 10 нысан бойынша тарату туралы шешім қабылданды.


Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 397 нысан сатылды

фото: primeminister.kz

Бұл туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы 2016–2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарының 877 нысаны бойынша толық ақпаратты қамтиды.

«Өткен кезеңде Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 482 нысан сатылымға шығарылып, оның 397-сі сатылды. Сату бағасы 199 млрд теңгені құрады. Бұдан өзге, 274 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша, бүгінде қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 76% құрайды», — деді Бақыт Сұлтанов.

Биыл 265 нысанды өткізу көзделген, оның ішінде І тоқсанда — 40 нысан. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, тоқсан қорытындысы бойынша 45 нысан сатылымға шығарылып, олардың ішінен 19 млрд теңге сомасына 20-сы сатылды. 10 нысан бойынша тарату туралы шешім қабылданды.

Жалпы жекешелендіруге жататын 71 топ нысанның бүгінде 13-і сатылды. Сату бағасы 95 млрд теңгені құрады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 7 нысанын бас компанияның құрамында «пакеттік» сату туралы шешім қабылданды. Биыл 40 топ нысанды өткізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың 16.01.2018 жылғы ҚР Үкіметінің отырысында жекешелендіру үрдісін баяулататын бұзушылықтарды жою бойынша берген тапсырмаларын орындау аясында осы бұзушылықтар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-сайттарында жарияланды. Сонымен қатар, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталындағы «Жекешелендірудің екінші толқыны» атты баннерде кемшіліктерге жол берген объектілер мен сатушыларды көрсететін бөлек қызыл жолақ жасалды.

Бұдан өзге, ҚР ҰЭМ-ге «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға жекешелендіру процесін жақсартатын бірқатар түзетулер ұсынылды.

«Жалпы алғанда, жекешелендіру процесі бірқалыпты тұрақты жүйеде жүргізілуде, міндеттер мен мақсаттар айқындалған. Өз кезегінде Қаржы министрлігі мониторингтің электрондық жүйесі арқылы жекешелендіру процесіне тұрақты бақылау жүргізуде және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», — деп қорытындылады Бақыт Сұлтанов.