Желтоқсан айы да жылы болады - Қазгидромет болжамы

0
428

Желтоқсан айында ауаның орташа айлық температурасы Каспийдiң шығыс жағалауында 1°С-қа дейiн жоғары болады.


Желтоқсан айы да жылы болады - Қазгидромет болжамы

ERNUR.KZ. Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.

Желтоқсан айында ауаның орташа айлық температурасы Каспийдiң шығыс жағалауында 1°С-қа дейiн жоғары болады. Мұндай деректі Қазгидромет ұсынды.

"Желтоқан айында ең ұзақ түн және ең қысқа күн орнығады. Ауа температурасының төмендеуi жалғасады. Ауаның орташа айлық температурасы Каспийдiң шығыс жағалауында 1°С-қа дейiн жоғары, ал республиканың қалған аймақтарында ол оңтүстiк-батыстан және оңтүстiктен 0-5°С-тан солтүстiкке және шығысқа қарай -13-18°С-қа дейiн төмендейдi. Ауаның ең төменгi орташа айлық температурасы Шығыс Қазақстан облысының солтүстiк-шығысында минус -20-24°С-қа дейiн болады", – делінген хабарламада.

Мекеме мәліметінше, өте суық жылдары ауаның орташа айлық температурасы мөлшерден 6-14°С-қа ауытқиды және республиканың солтүстiгi мен шығысында -25-27°С-қа, облыстың оңтүстiгiнде -7-12°С-қа дейiн жетедi.

Ауа температурасының абсолютті минимумы елдің батысында -37-39°С, солтүстігінде -44-48°С, шығысында -50-51°С, оңтүстігінде және оңтүстікшығысында -41-47°С, қиыр оңтүстігінде -25-37°С құрайды.

Төтенше жылы жылдары ауаның орташа айлық температурасынормадан 4-10° есе асып, солтүстік облыстарда -8-10°С, қиыр оңтүстікте - 3-6°С-қа дейін жетті.

Абсолютті максимум Қазақстанның солтүстік бөлігінде +8+10°С-қа, шығыста, батыста және орталықта +11+14°С-қа, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және оңтүстік-батыста +19+25°С-қа, республиканың қиыр оңтүстігінде +24+25°С-қа дейін барды.

Желтоқсан айында ауаның орташа тәуліктік температурасыныңауытқуы қарашаға қарағанда аз және орта есеппен 8-9°С, оңтүстігінде 6- 11°С құрайды. Ауаның орташа тәулiктiк температурасының 0°С арқылы терiс шамаға өтуi республиканың оңтүстiгiнде – бiрiншi онкүндiкте, ал қиыр оңтүстiкте үшiншi онкүндiкте байқалады.

Қазақстанның солтүстiк жартысында қарашадан желтоқсанға өткенде жауын-шашынның мөлшерi азаяды, ал оңтүстiгiнде керiсiнше, көбейедi және оңтүстiк, оңтүстiк-шығыс пен шығыстың тау iргелес аудандарында – 25- 50 мм, шығыс және оңтүстiктiң тауларында – 51-200 мм, облыстың басым бөлігінде – 10-24 мм, батысында – 32 мм-ге дейін. Солтүстiк облыстарда жауын-шашын негiзiнен қар түрiнде болады, жаңбырдың болуы сирек құбылыс (10 жылда 2-3 рет). Оңтүстiк облыстарда жиi болуы мүмкiн – айына 1-4 рет, жаңбыр және қар айына 1-3 рет.

Қар жамылғысының орташа биіктігі солтүстік облыстарда, оңтүстікшығыстың тау бөктерінде және оңтүстіктің тауларында желтоқсанның аяғында 10-20 см жетеді. Ең жоғары қар жамылғысы шығыстың таулы аудандарында 25-66 см-ге дейін байқалады, ал Маңғыстау облысының оңтүстігінде қар жамылғысы болмайды.

Солтүстік облыстарда боран мен жел орта есеппен айына 4-тен 9 тәулікке дейін, ал жекелеген аудандарда (Жарма, Жаңғызтөбе) 10-нан 14 тәулікке дейін белгіленеді. Кейбiр жылдары боранды күндер саны 20-25-ке дейiн жетедi. Оңтүстiк облыстарда боранды күндер сирек – 10 жылда 1-3 рет болады.

Тұманды күндер Қазақстан аумағында орта есеппен 3-8 күндей, таулы аудандарда жиiлеу – 14, кейбiр жылдары 24 күндей (Алматыда) болады. Көктайғақ солтүстiк облыстарда сирек, ал оңтүстiк облыстарда орта есеппен айына 1-2 күндей байқалады. Найзағай желтоқсанда сирек болатын құбылыс. Түркістан, Алматы облыстарында 10 жылда 1-2 күн ғана болуы мүмкiн.