Жұмыс тауып беруші агенттіктер енді халыққа тегін қызмет көрсетеді

0
1 364

Бұл құжат екі апта бұрын ғана күшіне енді


Жұмыс тауып беруші агенттіктер енді халыққа тегін қызмет көрсетеді

ERNUR.KZ. Бұдан былай екі қолға бір жұмыс іздегендердің мемлекеттік немесе жеке меншік жұмыспен қамту орталығын таңдау еркі бар. Алдағы уақытта жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктері аутсорсинг әдісімен жұмыс істейтін болады, деп жазады altaynews.kz.

Облыста бес жеке меншік жұмыспен қамту агенттігі тіркелген. Олар жұмыссыздарға бұрыннан әртүрлі шарттармен қызмет көрсетіп келеді. Мысалы, кейбіреулері жұмыс тауып берген үшін ақы алса, енді біреулері еңбеақысының мөлшерлі процентін ұстап отырған.

Жуықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа нормативті құжаттар қабылдады. Бұл процедура аутсорсинг деп аталады. Басқаша айтқанда, мемлекеттің кейбір қызметтері бәсекелес ортаға беріледі. Бұдан былай жеке агенттіктердің жұмыссыздарға көрсеткен қызметі үшін ақыны мемлекет төлейтін болады, яғни тұтынушылардың қалтасына енді салмақ түспейді.

Бұл құжат екі апта бұрын ғана күшіне енді. Әзірге Өскемен мен Семей қаласындағы жұмыспен қамту орталықтары хабарландыру жасады. Егер жеке агенттіктер қызығушылық танытса, мемлекеттік жұмыспен қамту орталығымен шартқа отырып, соның негізінде жұмыс істейтін болады, – деп түсіндірді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру басқармасының басшысы Елена Старенкова.

Бұл әдіс қалай жұмыс істейтін болады? Басқарма басшысының түсіндіруінше, аптасына бір рет лот құрылады. Онда 20 жұмыссыз бар. Жұмыс іздеп келген адамның келісімі бойынша, оны осы лотқа кіргізуге болады. Лоттағы жұмыс іздеушілер үш категорияға бөлінеді және олардағы тұтынушылардың саны пропорционалды болу керек. Мысалы, қанша жоғары білімді адам, қанша орта білімді немесе мүлде мамандығы жоқ тұтынушы болатындығы алдын ала бекітіледі. Содан кейін орындалу мерзімі анықталады. Жеке агенттіктер көрсеткен қызметтеріүшін ақыны мемлекеттен бірден ала алмайды. Егер жеке агенттік өзіне алған міндеттерді уақытында орындай алмаса, бірінші жолы ескерту жасалады. Тағы қайталанса, онда жеке агенттіктердің тізімінен мүлде алынып тасталады. Бұл әдістің ұтымды тұсы – біздегі мемлекеттік жұмыспен қамту орталығымен еліміздің кез келген бұрышындағы жеке агенттіктер келісімшартқа отыра алады. Лотты ұтып алған жеке агенттік қай жерде орналасқанына қарамастан, шығысқазақстандықтарды жұмыспен қамтумен айналыса береді.

Елена Старенкованың сөзіне қарағанда, мамандар екі апта бойы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде оқып келген. Қазір алғашқы екі лот құрылып, келісімшарттар бекітіліп жатыр.