Жұртты жылатты: Димаш Құдайберген жеке концертінде досына ән арнады

0
869

Әншінің концертіне атақты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ата-анасы да келді.


Жұртты жылатты: Димаш Құдайберген жеке концертінде досына ән арнады

ERNUR.KZ. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласының төрінде дүркіреп өткен Димаш Құдайбергеннің "Арнау" атты жеке концертіне әлемнің 60 мемлекетінен тыңдармандары келген. Төрткүл әлем құлақ түрген аламан концертте Димаш жан досы болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге ән арнап, халықтың жүрегін елжіретті, деп жазады Stan.kz.

Қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған Денис Теннің өлімі Димаш Құдайбергенге өте ауыр тиді. Жан досынан қапыда айрылып қалған Димаш жеке концертінде Денис Тенді еске алу құрметіне SOS d ' un terrien en détresse композициясын орындады.

Үлкен экранда мыңдаған көрерменге олимпиаданың қола жүлдегерінің мұздағы өнері, сондай-ақ Денис Тен ән шырқаған кадрлар көрсеттілді.

"Біз Дениспен бірге Қазақстандағы келесі концертте дуэт орындаймыз деп жоспарлаған едік. Бірақ... амал қанша... Денис талантты, өте еңбекқор болды. Ол өнер мен адамгершілік туын жоғары көтерді", - деді Димаш.

Трибунадағы тыңдаушылар арасында қаза тапқан фигуристің ата-анасы болған. Анасы Оксана Тен жанарына тығылған жасты көрсетпеуге тырысты.

"Қазақ халқының атынан өз көңілімізді білдіруге рұқсат етіңіздер. Біз сіздің ұлыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Оның Қазақстан тарихындағы рөлі ерекше", - деп 45 мың көрермен жиналған залда Димаш досының анасына тағзым етті.

Естеріңізге саламыз, жас мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде өмірден өткен еді. Жиырма бес жасар қазақстандық көп қан жоғалтып, ауруханада көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін бір жыл өткен соң жан тапсырған жерде спортшыға ескерткіш орнатылды.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет