"Жүзе алмаса да суға секірген": Қызылордада жасөспірім қорқынышын жеңемін деп өліп қала жаздады (видео)

0
471

Кадрларда жасөспірімнің бассейнге секіріп, жүзе бастағаны көруге болады.


ERNUR.KZ. Қызылордада бассейнде суға батып бара жатқан баланы құтқару сәті видеоға түсірілген видео тарады, деп жазады Stan.kz.



Кадрларда жасөспірімнің бассейнге секіріп, жүзе бастағаны көруге болады. Бір кезде ол тоқтап, бір орында дірілдей бастайды. Бұл уақытта басқа келушілер жасөспірімнің суға батып бара жатқанын байқамай жанында жүзіп жүре береді.

Осы кезде отбасымен бассейнде жүрген ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев суға батып бара жатқан жасөспірімнің айғайлаған дауысын естіген. Әйел су астындағы қара жерді нұсқаған, бассейн түбінде жасөспірімнің жатқанын байқаған Есенкелдиев бірден суға секіріп, баланы сыртқа алып шыққан. Жасөспірім ауруханаға жеткізілді.

“Қараcам, бала бассейннің түбінде жатыр. Тереңдігі – 3 метр. Көре сала секірдім, ештеңе ойламадым. Бассейннің жағасына сүйреп апарып, жұтқан суын шығаруға тырыстым. Бар ойым бассейннен баланы аман-есен алып шығу болды. Бала көкпеңбек болып, демала алмай жатты. Жедел жәрдем келем дегенше жасанды тыныс алу жаттығуларын жасап, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Содан соң есін жиған жасөспірімді жедел-жәрдем қызметкерлері облыстық балалар ауруханасына алып кетті. Жағдайын хабарласып біліп отырдым”, – дейді ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиев.

Төлеген ауруханаға жеткізілгеннен кейін үш күн жансақтау бөлімінде жатып шықты. Болған оқиғаны еске түсірген ол, сол күні қорқынышын жеңу үшін суға секіргенін айтады.

“Егер секірсем, судан қорқуды қоямын деп ойладым. Мен жүзе алмаймын. Істеген ісімнің нәтижесін қалай аяқталғанын көрдіңіздер", – дейді Төлеген Төрехан.

Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы ұлымен болған жағдайға әлі де сене алмайды. Баласын досымен бірге бассейнге жіберген екен. Шомылу үшін қауіпсіз жер сияқты көрінген. Құтқарушылар бар деп те ойлаған. Неліктен ең маңызды сәтте олардың сол маңда болмағаны белгісіз.

“Баламыз тірі, дені сау және қазір бізбен бірге. Бұл бақыт. Менің аналық жүрегім ризашылыққа толы. Күндерімнің соңына дейін құтқарған жанның бұл әрекетін ұмытпаймын. Біздің қамқоршы періштеге және оның жақындарына барлық жақсылықты тілеймін", – дейді Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы.

“Мен бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын. Өзім де әкемін, 8 балам бар. Бұл бала тоғызыншы балам болады. Әрқашан Төлегенмен байланыста боламыз деп үміттенемін. Үйлену тойын жасап, әскерге де жібереміз. Қазірдің өзінде қоңырау шалып, бір-біріміздің жағдайымызды сұрап жүрміз”, – дейді Шаймерден Ескелдиев.