Жарылған өкшені балықтың майы емдейді

0
15 719

Күстенген өкше өзіңізге ыңғайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан да лажсыз арты жабық аяқ киімді таңдаймыз. Бұдан шығатын жол бар. Яғни, өкшеңіздің жарылғанын бір аптада жазуға болады. Ол үшін төмендегі кеңестерді мұқият оқып шығып, ыждаһаттылықпен орындаңыз. Сонымен жарылған өкшені емдеудің бірнеше тәсілін ұсынамыз.


Жарылған өкшені балықтың майы емдейді

фото: manikyres.ru

Жеңіл аяқ киім киетін мезгіл келгенде қыз-келіншектердің көпшілігін өкшенің жарылуы мазалайды. Әдемі әрі нәзік аяқкиімді сатып алатын кезде міндетті түрде өкшедегі проблемаға қарайды. Күстенген өкше өзіңізге ыңғайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан да лажсыз арты жабық аяқ киімді таңдаймыз. Бұдан шығатын жол бар. Яғни, өкшеңіздің жарылғанын бір аптада жазуға болады. Ол үшін төмендегі кеңестерді мұқият оқып шығып, ыждаһаттылықпен орындаңыз. Сонымен жарылған өкшені емдеудің бірнеше тәсілін ұсынамыз.

1-тәсіл

Тұз сумен аяққа бұлау жасаңыз. Су жылы болу керек. Емделу уақыты – 20-25 минут.

Тұз скрабтың қызметін атқарса, ал су теріні жұмсартады. Сонан соң өкшеңізді қырғышпен қырып, тазалап аласыз. Емнен кейін аяғыңызды сүлгімен сүртіп, ара балауызын немесе балалар кремін жағып жатыңыз.

2-тәсіл

2 ас қасық майлы творогты, 2 ас қасық қаймақ пен 2 ас қасық балды араластырыңыз. Дайын болған қоймалжыңды өкшеңізге жағып, 20 минут жатасыз. Белгіленген уақыттан соң компресті жылы сумен жуып, сүлгімен құрғатып сүртіңіз.

Сондай-ақ, бұл азықтардың орнына көгілдір балшықты қолдансаңыз да болады. Оны сумен араластырып, өкшеңізге жағасыз. Балшықтың құрамындағы микроэлементтер теріні жұмсартады әрі нәрлендіреді.

3-тәсіл

Балықтың майын өкшеңізге сіңдіріп жағыңыз. Сосын өкшеңізді полиэтиленді пакетпен орап, сыртынан шұлық киіңіз. Бұл компресті ұйқыға жатар алдында түнде жүргізгеніңіз дұрыс.

4-тәсіл

10 дана аспирин таблеткасын ұнтақтаңыз. Оған бірнеше тамшы лимон шырынын тамызып, жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоймалжыңды өкшеңізге жағып, пакетпен орайсыз. Сыртынан шұлық киюді ұмытпаңыз. Шамамен жарты сағаттан соң масканы жылы сумен жуып, өкшеңізге нәрлендіретін крем жағыңыз.

5-тәсіл

Күнде жатар алдында аяғыңызды сабынды сумен тазалап жуыңыз. Сосын өкшеңізді кір сабынмен ысқылаңыз. Таңертең аяғыңызды жусаңыз, теріңіз жұмсарып, өкшеңіз жылтырап шығады.

6-тәсіл

Қырыққабат пен пиязды еттартқыштан өткізіңіз. Оған бал мен аздап ұн араластырып, ботқа әзірлейсіз. Сосын оны өкшеңізге жағып, пакетпен орап қою керек. Бұл компресс теріні жұмсартады, ауырғанын басады.

7-тәсіл

2 ас қасық андыз тамырын 1 литр суға салып, қайнатыңыз. 2-3 минут қайнаған соң отын өшіріп, қақпағын жауып қойыңыз. Шамамен 12 сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, қоймалжыңды өкшеңізге жағасыз. 20-30 минуттан соң компресті тұнбамен жуыңыз. Емді күнсайын жүргізсеңіз, бір аптада-ақ оң нәтижеге қол жеткізесіз.

8-тәсіл

2 ас қасық қалақай жапырағын 1 литр қайнатылған суға салып, тұндырып қойыңыз. Салқындаған соң тұнбаны сүзіп алып, аяғыңызға бұлау жасайсыз. Емделу уақыты – 20 минут. Сосын аяғыңызды құрғатып сүртіп, өкшеңізге 2 пайыздық салицил қышқылын жағасыз.

9-тәсіл

2 ас қасық крахмал ұнтағын 1 литр бөлме температурасындағы сумен араластырып, аяғыңызға бұлау жасайсыз. Шамамен 15 минуттан соң аяғыңызды құрғатып сүртіп, қырғышпен өкшеңізді қырасыз. Содан кейін нәрлендіретін крем жағып, шұлық киіп алыңыз.

10-тәсіл

Аяғыңызды жуып алған соң, өкшеңізге зығыр, шырғанақ немесе зәйтүн майын сіңдіріп жағыңыз. Өкшеңізді пленкамен орап, шұлық киіп алыңыз. Таңертең ұйқыдан тұрған соң өкшеңізді кір сабынмен жуасыз. Бұл компресс теріңізді жұмсартады әрі жылтыратады.

Аз ғана кеңес

Өзіңізден үнемдемеңіз – кем дегенде 2 айда бір рет педикюр жасатыңыз.

Дәрігермен кеңесіңіз – өкшенің жарылуы қант диабеті ауруынан дерек береді;.

Мүмкіндік болса өкшеңізге күніне 3-4 рет массаж жасаңыз – бұл қан айналымды жақсартады.

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.