​«Артқа қайырылуым қиын, финишке таяп қалдық»: ақын Жүрсін Ерман денсаулығы жайлы айтып берді

0
8 577

«Көрермен ретінде айтысқа көңілім толмайды»


​«Артқа қайырылуым қиын, финишке таяп қалдық»: ақын Жүрсін Ерман денсаулығы жайлы айтып берді


Күні кеше ғана «Отан» орденімен марапатталған ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, денсаулығы жайлы айтты.


«Көп емделдім, Швейцарияға барып та емделдім. Бірақ нақты нәтиже шықпады. Қант диабеті деген бәле болды. Бір жылдан асып кетті. Қазір жетпістің үстіне шығып кеттім. Сырқат ауыр боп тұр. Финишке таянып қалдық. Енді артқа қайырылуым қиын-ау. Екі аяқты тең басудан қалдық. Алла амандығын беріп, тағы бір 4-5 жыл Отанымның ортасында жүре тұрсам деп қоям. Істейтін шаруаларымды тындырып, ойларымды қағазға түсірсем деп отырмын. Бірақ алдағыны Алла біледі.


Менің мәңгілік досым бар еді, Несіпбек Айтұлы деген. Жақында дүние салды. Соның қазасы да жаныма қатты батты. Алдында ғана менің көңілімді сұрап, келіп кеткен. Содан үш күннен кейін құлап, инсульт деген бәледен оңалмады.


Ауруханада жатқанда көп жаздым. Қазір оны қойып тұрмын. Өйткені жазуға да көңіл-күй керек. Жағдай қиын... Үйде отырам, «сұхбат беріңізші» деп іздеп келеді. Бұрын теледидарға, радиоға көп шыққан адаммын ғой, одан тартынбаймын, сұрақтарына жауап берем. Жезқазғанда телеарнада жұмыс істеген кездерімді жиі еске алам. Себебі жалындаған жастық шағым сонда өтті. Қылшылдап тұрған кезіміз еді, отқа салса да, суға салса да қайтпайтынбыз. Сол кезең мен үшін ерекше ыстық» деді ақын Жүрсін Ерман.


Жақында ғана айтысқа көрермен ретінде қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген ақын қазіргі айтысқа көңілі толмайтынын айтты.


«Арбаға отырып бардым. Енді, әрине, бұрын басқарып, билеп қалған адамға қиындау. Бірақ өмір тоқтап қалған жоқ қой. Алдымызда жастар бар. Солар айтсты ентелеп алып бара жатыр. Ертең де амандық болса «Алтын домбыра» деген жылдағы дәстүрлі айтысқа барайын деп отырмын. Ол жерде де қазылар алқасының төрағасы ретінде қатысамын. Бармайын десең, үйреніп қалған нәрсені көргің келеді. Көрермен ретінде көп нәрсеге кейде көңілім толмай қалады. Бірақ тыныш отыру керек. Көп сұғынбау керек. Сол, тәртіпті сақтап отырамын енді» деді ақын.


Еске сала кетейік, былтыр Жүрсін Ерманның жансақтау бөліміне түскені жайлы ақпарат тараған болатын. Негізінде ақынның денсаулығы аурухана түспес бұрын сыр берген екен. Оң аяғының көк тамырына протез салдырып, бірақ оны ақынның ағзасы қабылдамай, ірің кеулеп, қанға өтіп кеткен. Нәтижесінде Жүрсін Ерманның қызуы көтеріліп, тыныс алу аппаратына таңылды. Қазір денсаулығы бірқалыпты, бірақ аптасына екі мәрте диализге баруға мәжбүр боп жүр.