​«Бір-бірімізді пайдаландық»: Ғазизхан Шекербеков Қайрат Нұртаспен шығармашылық байланысы жайлы айтты

0
2 111

«Жақсылықтың түбі - тесік» деген рас екен»


​«Бір-бірімізді пайдаландық»: Ғазизхан Шекербеков Қайрат Нұртаспен шығармашылық байланысы жайлы айтты

Әнші, сазгер Ғазизхан Шекербеков «Саты» подкастына сұхбат беріп, өзін «Қайрат Нұртастың арқасында жарыққа шықты» деген қауесетке нүкте қойды. Ол журналистің «Қайрат сізді пайдаланды ма, әлде сіз Қайратты пайдаландыңыз ба?» деген сұрағына өз жауабын берді.


«Жалпы, менің білетінім, Қайратқа бәрібір. Оған кім ән жазып беріп жатыр, оған бас қатырмайды. Кейін, әндеріміз көңілден шығып жатқан соң назар аударып «Мына әннің авторы кім?» деп қызықпаса, өздігінен ешкімді іздемейді. Себебі бәрін дайындап, әнді тауып беретін үлкен командасы бар.


«Прайм плаза» сауда үйіндегі жағдайдан кейін Қайраттың басына күн туып, сахнадан алыстап кеткен кездері еді ғой. Сол сәттерде ақын Ақмарал Леубаева әпке «Жаралы жанның әні бұл» деген өлең шығарып, мен әнін жаздым. Сосын «Сен де, мен де» деген әнді ұсындым. Екеуін де орындады. Екеуі де хит болды. Арада біраз уақыт өткенде «Аңсайды жаным» деген әнді бердім, ол да жақсы таралды. Сосын «Мен оралам» деген әнді жібердім, оны да Қайрат жандырып айтып шықты. Сөйтіп жүрген кездерде Қайрат та бұрылып, «мынау кім, тоқтатпай жазып жатыр ғой» деп сұрастырса керек, мені көрмей жатыр жақсы көріп қалыпты. Мен де әндерімді бірінен кейін бірін хит қылып орындап жатқан адамды қалай жақсы көрмеймін?" - деді Ғазизхан.


Ол Қайрат Нұртасқа бірге дует боп ән айтуды ұсыныпты. Мега-жұлдыз әріптесіне одан да жақсы ұсыныс білдірген.


"Кездескен кезде «Сүйсең, сүйем», «Жаралған жүрегім...» деген әндерді көрсетіп, «бірге дует айтайықшы» деп ұсындым. Сол кезде Қайрат «Бауырым, сенімен бір ән емес, сегіз ән айтуға дайынмын. Негізі бірге жүрейікші, қасымда жүрші» деп ертіп алды. Мен де қуанып кеттім. Қанат бітіп, жеке әншілігім содан басталды.


Бірақ жұрттың «Қайраттың арқасында шықтың ғой» деп айтса, жыным келеді. Қайратқа дейін де менің Арман Дүйсенов деген ұстазым болған. Шығармашылығымды жаймен бастап келе жатқан адам едім. Оны жоққа шығаруға болмайды. Сайпы келгенде Қайрат менің әндеріммен танылды, менің әндерім Қайраттың арқасында танылды. Екеуміздің бір-бірімізге септігіміз тиді", - деді Ғазизхан Шекербеков.


Ол сондай-ақ әндерін орындап жүрген әншілерге де өкпе-ренішін білдірді.


«Дариға Бадықова, Сара Амангелді, Диана Исмаилова сияқты әпке-қарындастарымыз әнімді сұрап келгенде кавер ретінде айтып шығатын шығар деп бере салғам. Сөйтсем олардың орындағаны менкінен асып, миллиондап қаралым жинап кетті. Тіпті тойға шығып, табыс тауып жүр. Өз қолыңмен берге соң «енді айтпа» деп айту да ұят, бір шетте қалып кеттік.


Өткенде біреуге көмек ретінде ақша бергем. Соны мамам біліп қойып хабарласты, «Қайтарды ма?» деп сұрады, артынан бірталай әңгіме айтты. «Саған осы соңғы кездері не боп жүр. Ақшаңды да оңды-солды тарата бересің, әндерің де әр жерде шашылып жатыр. «Жақсылықтың түбі – тесік» деген сөз бар, жақсылықты та керек адамға, жан-жағыңа қарап жасау керек»деп айтып қалды. Әйелім де ұрысты, «Енді шыққан әндеріңді неге таратасың?» деп. Мен өзімше танымалмын, менің әнім екенін ел біледі ғой деп жүрсем, мені танымайтын қаншама адам бар екен ғой. «Мәссаған, сенің әнің бе еді, аналар бірақ сенен күшті айтып жатыр» деп бетіңе былш еткізгенде ойланып қалады екенсің», - деді әнші-композитор.