​«Екінші әйеліме менен бұрын әкем ғашық болған»: Сейфуллин Жолбарыс жасырып жүрген құпиясын жайып салды

0
5 584

«Бірінші әйелімді ата-анам жақтырмай, содан ажырастық»


​«Екінші әйеліме менен бұрын әкем ғашық болған»: Сейфуллин Жолбарыс жасырып жүрген құпиясын жайып салды

Әнші Сейфуллин Жолбарыс «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, отбасылық өмірінің құпиясын ашты.


«Бірінші жеңгелеріңмен 1995-жылы үйлендік. Мен негізі өнерді «Қазақстан» деген топпен бастағам. Сол топтағы Анарбай деген музыкантымыз Қарлығаш деген қызбен жүретін. Менің бірінші әйелім репетициямызға Қарлығашпен еріп келді. Сол жерде таныстық. Бірден ғашық болмадым. Келіп, қайта-қайта көрісіп, араласып, танысып жүріп, бір жылдан кейін шаңырақ көтердік. Жеңгелеріңнің аты – Мадина. Менің фамилиям – Жолбарыс, онікі – Бөрібай. «Жолбарыс пен бөрі қосылды» деп күлетін едім. Мадинамен 15 жыл отастық, ажырасуымыз оған оңай тимеді. Оның алдында әлі өзімді кінәлі сезінем» деді Сейфуллин Жолбарыс.


Әнші екінші рет орыс ұлтының қызымен бас қосқан. Оған үйленуіне ата-анасы ықпал етіпті.


«Мен Катяға тез ғашық болдым. Менен бұрын менің әкем ғашық болды. Үйленсем бе деп ойланып жүргенде сол кісілерге көрсеттім ғой. Әкем «Сенің әйелің – осы, саған осындай пысық әйел керек» деді. Өтірік айтудың керегі жоқ, бірінші келіндері басынан бастап ата-анама ұнамады. Мадина ата-енемен бірге тұрды ғой, бірақ соны үйленген кезден қалаған жоқ. Ажырасуымыздың бір себебі де осы болған шығар. «Мен кемпір-шалмен бірге тұрмаймын» деді. Оған менің әке-шешем де өкпеледі. Осылай түсінбеушіліктен екіге айырылдық. Ал Катя әкемнің батасын алып үлгерді. Бірге тұрдық. Әкем 92-ге келіп қайтты, анам қазір 94 жаста. Көп жасауларының себебі де Катяның күтімінен шығар. Жақсы бақты. Анама да қазір баппен қарап отыр» деді әнші.


Сейфуллин Жолбарыс екінші әйелі барын көпшіліктен 10 жыл бойы жасырып жүргенін айтты.


«Әкем мен шешеме қарайтын адам керек болды. Екеуі ғана тұрады, оларға күтуші алып қоймаймын ғой. Ақшаға қарайтын адам жаны ашымайды. Сондықтан Катяны әке-шешемнің қолына отырғызып қойдым. Ол менің барлық шартыма, талабыма көнді. Он жылдан кейін үйленгенімізді ел-жұртқа ашып айттық. Бас қосқанымызға 15 жылдай уақыт болды, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Ұлым Бейбарыс та менің қолымда» деді әнші.