Қарақат Әбілдина: "Осы уақытқа дейін біреумен бет жыртысып, сотқа сүйреуді жөн санамадық..."

0
10 328

Әнші өзінің ашынып жүрген жайттары туралы сөз етті.


Қарақат Әбілдина:

Халықтың сүйіктісі Қарақат Әбілдинаны өтірік ақпарат таратып, жағымсыз пікір жазатындар шаршатқан. Соңғы кезде рейтинг қуып, жел сөз аңдитындарға деген өкпесі мен ескертуін әнші инстаграм парақшасына жариялады.

Қарақат Әбілдина: "Соңғы уақытта кейбір сары басылым сайттар, фейсбуктағы топтар мүлде тізгінсіз кетті. Жеке басымызға қатысты ешқандай шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып,әдептен жұрдай дүниені судай сапыратын болды. Жеке бас құқығымызға қол сұғып, суреттерімізді рұқсатсыз жариялап, небір масқара нәрсені еш шімірікпестен таратып отыр. Барлығы бізде сақталған, тіпті айтуға ауызым бармайды

Бұл не деген сұмдық? Не деген сауатсыздық? Мұндай ақпаратты таратып отырған жандар елде ЗАҢ деген бар екенін, жеке басқа тиісуге, біреудің отбасына қол сұғуға болмайтынын сезе ме? Әлде мүлде бейxабар, мақұрым ба? Қала берді, ар-ұят, иман, біреудің сыртынан ғайбат айтпау деген сияқты адами қасиеттен неге жұрдай?
Ал сол посттардың астына ойына келгенді жазып отырған әлдекімдер әр сөзі үшін сұралатынын білмей ме?
Сіз жамандады екен деп,біз одан төмендеп қалмаймыз. Биігіміз аласарып, маxаббатымыз мұқалып қалмайды.
'Танымалдылықтың бір ұшы осы ғой' деп, көп уақыт үндемедік.
Көріп, біліп отырсақ та, көтердік.
Бірақ, соңғы жағдайлар кейбір сайттар мен топтардың, адамдардың рейтинг үшін мүлде шекарадан шыққанын көрсетті.
Айтарым, біздің елде, құдайға шүкір, заң бар. Қазір интернетті пайдаланушыларға қатысты да заң күшейтілген. Біреуге жала жауып, көлдей мақала жазған сайттар, пост авторлары, тіпті, жеке намысқа тиіп, ойына келген теріс пиғылды коммент жазған адамдар да заңмен қудаланады.
Демек, заңға жүгініп, моральдық құқығымыздың тапталғаны үшін миллиондаған ақша өндіріп алсақ та болады.
Шектен шыққан жандар миллиондаған айыппұл төлеген кезде ғана, сот алдында жауап бергенде ғана түсініп, аяқ тартатын болар? Осы уақытқа дейін біреумен бет жыртысып,сотқа сүйреуді жөн санамадық оған уақытымыз да болған жоқ.Бірақ енді бұлай жалғасуы мүмкін емес екен, қолға алдық. Сондықтан ар намысымызға тиісіп, жеке басымызға қол сұққан сайттарға әзірше ескерту жасағым келеді... Шыдамның да шегі бар".

Әрине, қазір этикадан аттап өтіп өзгені аңдығандар көп екені даусыз. Осы мәселені көтерген әншіні қолдағандар көп болды, оның ішінде танымал адамдар да жетерлік. Бұл істі бізде қолдаймыз! Жалпы алдағы уақытта артық ауыз сөзіңіз үшін сан соққыңыз келмесе, өсек пен өтірікке жоламағаныңыз дұрыс!

Фото: karakat_a

ERNUR.KZ